Бүгін - Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы тыныштық күні

None
None
БІШКЕК. Кабар-ҚазАқпарат - Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы мен референдум алдындағы тыныштық күні басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Осылайша кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты тоқтады. Тыныштық күні сайлаушылар үміткерлердің бағдарламасына тағы бір көз жүгіртіп, талдап, өз таңдауын жасайды.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет басылымдар да үгіт-насихат жүргізе алмайды.

Тыныштық күнінің талабын бұзғандарды ОСК жауапкершілікке тартуы мүмкін.

Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы мен референдум 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді. ОСК мәліметінше, сайлауда 3 млн 563 мың 574 сайлаушы дауыс бере алады.

Президенттікке 17 үміткер таласып отыр. Мұның алдында олардың саны 18 еді, алайда Рашид Тағаев атты кандидат сайлауға қатысудан бас тартты. Оның есімі бюллетеннен сызылып тасталады.

Референдумда мынадай басқару формасын таңдау мүмкіндігі беріледі:

— президенттік республика

— парламенттік республика

— екі нұсқаға да қарсымын.

Сайлаушыларға екі бюллетеннен беріледі. Ақ түсті бюллетень - президент сайлауына, көк түсті - референдумға.


Соңғы жаңалықтар