Бүгін Көкшетауда ҚР Мемлекеттік рәміздері әспеттелді (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-інде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді.

Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

Осыған орай бүгін Көкшетауда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу шеңберінде ақмолалықтардың бойында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, жоғары азаматтық ұстаным және патриоттық сезім, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін ұстаған түрлі салаларда табысқа жеткен жастардың шеруімен басталды. Оркестрдің сүйемелдеуімен 10х20 метр көлеміндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің шеруі «Тәуелсіздік» алаңынан басталып, «Менің Қазақстаным!» стелласына дейін жалғасты.

Онда облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен «Менің елім!» патриоттық акциясы өтіп, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастар өкілдеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Акция аясында облыс орталығындағы бірқатар оқу озаттарын «Жас ұлан» қатарына қабылдау мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ашылу салтанатты да өтті.

Сонымен қатар мерекелік шара барысында ақмолалықтар облыс орталығында жас әншілер мен бишілердің, жастар шығармашылық ұйымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырып, рәміздер күнін асқан патриоттық сезіммен мерекелеуде.

Соңғы жаңалықтар