Бүгін қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына - 100 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1922 жылы 23 қазанда аты аңызға айналған пулеметші, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған алғашқы қазақ қызы Мәншүк Мәметова дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың қаһарман қызы сол кездегі Орал облысы Бөкей Орда ауданының Жасқұс ауылында туған. Отбасындағы бесінші бала. Ата-анасы дүние салғаннан кейін, оны Алматыдағы әпкесі қолына алады. Мәншүк Мәметова орта мектепте, Алматы медициналық институтында оқыды. Сонымен бірге, ол Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің хатшылығында жұмыс істеді.

1942 жылы Алматы медициналық институтының екі курсын тәмамдап, өз еркімен майданға аттанады. Сол жылдың тамызында қазақтың батыр қызы Қызыл Әскер қатарына алынып, бастапқыда құжаттарды толтыратын қызметкер, кейін далалық аурухана медбикесі болады.

Ол бос уақытында «Максим» пулеметінің құрылымын, жұмыс принципін зерттеумен айналысады. Осыдан соң өзін атқыштар бөліміне ауыстыруын өтініп, рұқсат алады. 1943 жылы 15 қазанда халқымыздың қаһарман қызы Калинин фронты әскерлерінің құрамында Псков облысының Невель қаласын азат ету шайқасына қатысқан. Гвардия аға сержанты, пулеметші Мәншүк Мәметова осы ұрыстарда өзінің мергендігімен, батылдығымен көзге түседі. Невель қаласын азат ету операциясы барысында ол басынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, жаудың 70 сарбазын жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты.

Қазақтың батыр қызы Невель қаласында жерленген.

Оған қайтыс болғаннан кейін 1944 жылғы 1 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Биыл батырдың 100 жылдығы қарсаңында Орал халықаралық әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді.

Сондай-ақ, Орал қаласында Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Х ашық республикалық турнир ұйымдастырылды.

Ал, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін атап өту аясында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мәншүк Мәметованың Астанада орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.






Фото: histrf.ru


Соңғы жаңалықтар