Бүгін Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл толды

None
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2 сәуір – Қазақстанның әскери теңізшілері үшін ерекше күн. 1993 жылы 2 сәуірде ел Президенті Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мемлекеттің аумақтық тұтастығын көздің қарашығындай қорғау, ел егемендігі мен экономикалық мүдделерін сақтау сынды ауқымды міндеттерді орындайды.

«Құрметті әскери теңізшілер! Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштердің басшылығы, өз атымнан Сіздерді, барша ардагерлерді Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік тірегіне айналған Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері Қазақстанның Каспий теңізі секторында егеменді еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен ел тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етеді.

Әскери теңізшілер өздеріне артылған сенімді абыроймен орындап, оқу-жауынгерлік міндеттерді атқаруда кәсіби шеберлік танытып келеді. Құрылған уақыттан бастап отыз жыл ішінде қарт Каспийдің атырабында ұйымдастырылған барлық кешенді жаттығуларда Сіздер білікті маман екендеріңізді байқатып, сенімге селкеу түсірген емессіздер.


Мерейлі кәсіби мейрамда баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, қызметте қырағылық, өмірде үлкен белестерді бағындыруда сәттілік тілеймін!» - делінген Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтауында.




Соңғы жаңалықтар