Бүгін - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанда Конституция күні мерекесі аталып өтіледі. Еліміздің Ата Заңы - 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын.

Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған. Осы күні Қазақстанның барлық өңірінде мерекеге арналған бұқаралық шаралар өтеді.

1995 жылы қабылданған Конституцияның басты авторы - Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Жаңа Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы  Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырды.

Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымынан алып қарағанда, 20 жылдан астам уақыт аз ғана мерзім. Десе де,осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституцияның қатарында тұр.

Ал 2017 жылғы конституциялық реформа қазіргі заманғы Қазақстанның құқықтық жағынан жаңғыруының кезекті бір кезеңі болды.

Осы аптада Астанада ҚР Конституциясы күніне арналған «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оның ашылуында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Біздің Ата заңымыз заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болып табылады. Бүгін де Қазақстанды бүкіл әлемде жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп таниды. Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Елімізде экономика мен әлеуметтік сала нығаюда. Бизнес пен азаматтық қоғам дамуда. Біз Конституцияны басшылыққа ала отырып, ауқымды мәселелерді шешеміз және 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі тиіс. Биыл біз еліміз дамуының 25 жылдық тәжірибесі мен жұртшылық пікірін кеңірек ескере отырып, конституциялық реформа жүргіздік. Оның негізі билік тармақтары арасында бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін нығайту, қорғалатын конституциялық құндылықтарды, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту, сот жүйесімен мемлекеттік басқару негіздерін жаңғырту. Конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларын одан да ары жаңғыртудың берік негізін қалайды», - деді Елбасы.

Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

Атап айтқанда, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Конституция Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді.  

Соңғы жаңалықтар