Бүгін ҚазАқпарат агенттігінің құрылғанына - 102 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, 13 тамыз күні еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентігіне 102 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1920 жылы алғашқы қазақ ақпарат агенттігі РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. Аталмыш қара шаңырақтың қазіргі иесі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 2022 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ құрамына қосылу арқылы қайта құрылды.

Еске салсақ, 1925 жылы агенттіктің аты ҚазРОСТ болып өзгерді. Ал 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Арада 60 жыл өткенде, яғни, 1997 жылғы қыркүйектің 10-ында ҚР Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.

2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚР Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылғы шілденің 3-інде агенттік ҚР Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді. Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында болды. 2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихының жаңа кезеңін бастады. 2020 жылы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ құрамына «ҚазКонтент» АҚ қосылып, қайта құрылды.

Агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде беделін мүлтіксіз сақтап келеді.

ҚазАқпарат жаңалықтары қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде таратылып келеді. Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымыз үшін жаңалықтар латын графикасында және төте жазумен беріледі.

Атап айтқанда, 2004 жылдың 14 ақпанында «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының қазақ бөлімшесі Қазақстанда алғаш рет латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде жаңалықтар таратуды қолға алды. Негіз ретінде академик Әбдуәли Қайдар дайындаған латын графикасының үлгісі алынды. Кейіннен осы нұсқа мамандар арасында «ҚазАқпарат нұсқасы» деп аталып кетті. Соның арқасында кириллица қарпін оқи алмайтын шетелдердегі отандастарымыз тарихи Отанындағы болып жатқан оқиғаларды біліп отыруға мүмкіндік алды.

«ҚазАқпарат» ХАА-ның орталық кеңсесі Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Еліміздің барлық өңірлерінде ақпарат агенттігінің меншікті тілшілері жұмыс істейді. Агенттіктің Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Иорданияда да меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар