Бүгін ХХIII Қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиадаға Қазақстан спортшылары 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі. Олимпиадада жалпы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазіргі таңда спортшыларымыз Олимпиада қалашығына келіп, ең соңғы жаттығу жұмыстарын жүргізіп, өздері сынға түсетін жарыс алаңдарымен танысып үлгерді.

Осы орайда, осыған дейінгі Қазақстан спортшыларының қысқы Олимпиададағы жетістіктерін еске түсіре кетейік.

Қысқы Олимпиада ойындары тарихында Қазақстан үшін алғашқы медальді қостанайлық шаңғышы  Иван Гаранин жеңіп алған болатын. Гаранин 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль жеңіп алды. Ал 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды.

Ал 1994 жылы өткен XVII Қысқы Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салған болатын. Бұл үш медальды да шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға орналасты.

Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Қысқы Олимпиадаға тағы да  шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, «қола» еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды.

Өкінішке қарай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы  Италияның Турин қаласындағы XХ Ойындарда отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.

Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен соңғы Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

Енді, Пхенчхан Олимпиадасында ел қоржынына кімдер медаль салатыны алдағы күндері белгілі болмақ. Бүгін Астана уақытымен 17:00-де Олимпиаданың ресми ашылу салтанаты өтеді. Онда Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев көтеріп шығады.

Соңғы жаңалықтар