Бүгін – Халықаралық музей күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін – Халықаралық музей күні. Халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы бекіткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық музейлер кеңесін (International Council of Museums - қысқаша ICOM ) дүниежүзінің музей ісі мамандары 1946 жылы құрған болатын. Ұйымның мақсаты – табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен келешекті байланыстыру, халықтар арасында өткен заманның мұраларын танымал ету. Музей арқылы кез келген қоғам тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасын, құрметін білдіреді. Есте жоқ ескі замандардан қалған рухани және материалдық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай отырып, музейлер ауқымды деңгейдегі ғылыми-ағарту, білім, тәрбие ісін жүргізеді.

1992 жылдан бастап Халықаралық музей күні музей саласына қатысты белгілі бір тақырыппен өтетін болған. Бұл саланың негізгі мәселелерінің бірі – музей құндылықтарын заңсыз шығару. Міне, осындай проблеманың алдын алу үшін қоғам ішінде өткеннің құндылықтарын бағалай білерлік мәдениет қалыптастырған абзал.

2009 жылы Халықаралық музейлер күнінің тақырыбы – «Музейлер мен туризм» болды. Сонымен қатар 2010 жылы бұл күн «Музейлер - әлеуметтік үйлесім атынан», 2011 жылы «Музейлер мен Естелік», 2012 жылы «Жаңғырған әлемдегі жаңа музейлер. Жаңа тегеуріндер мен жаңа шабыт», 2013 жылы «Музейлер (Естелік + креативтілік) = Әлеуметтік өзгерістер», 2014 жылы «Музейлік коллекциялар біріктіреді», 2015 жылы «Музейлер мен қоғамның тұрақты дамуы», 2016 жылы «Музейлер мен мәдени ландшафтар», 2017 жылы «Музейлер мен дауға толы тарих: музейдегі күрделіліктер туралы айтамыз», 2018 жылы «Гиперкоммуникация дәуіріндегі музейлер: жаңа амалдар, жаңа аудиториялар», 2019 жылы «Мәдениет орталығындағы музейлер: болашақ дәстүрлер» болса, 2020 жылы «Тең мүмкіндіктер кеңістігі ретіндегі музейлер: әртүрлілік пен инклюзия» тақырыбында аталып өтеді.

COVID-2019 індеті музей саласына да соққы беріп отыр. Пандемияға байланысты жабылған нысандардың қатарында музейлер де бар. Десе де жаңа дәуірдің тың талаптарына олар да бейімделе бастады. Мәселен жақында ҚазАқпарат агенттігі оқырманға Қазақстандағы және шет елдердегі әйгілі музейлердің виртуалды сайттарын ұсынған болатын. Тізімді осы сілтемеден табуға болады.

Бүгін Ұлттық музей «Музей түні» акциясын онлайн форматта өткізеді. Онлайн жиынды 18 мамырда сағат 17:00-21:00 аралығында өткізу жоспарланған.

«Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде 5 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамырда - Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы бұл акция 2 рет өтті.

Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылып, екіншісі - Халықаралық музей күніне арналған болатын.


Соңғы жаңалықтар