Бүгін «Хабар» арнасында президенттікке кандидаттардың теледебаты өтеді
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайысты жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірлеген болатын. Ол регламент бойынша, телепікірталас 3 раундқа бөлінген.
Бірінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Оның өзі 2 турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, екінші турда кандидаттар «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түседі. Мұнда олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өзі де екі сұраққа жауап беруі тиіс.
Екінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс.
Үшінші раундтың тақырыбы - «Сайлаушыларға арнау». Бұл қорытынды раундта қатысушылар экран арқылы сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.
Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.