Бүгін Головкин-Роллс жекпе-жегіне билеттер сатыла бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен бұған дейін жеңіліп көрмеген канадалық Стив Роллс жекпе-жегіне билеттер ресми сатыла бастайды. Бұл жайында GGG Твиттердегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлкен драмалық шоудың барлық жанкүйері 8 маусымда өтетін менің жекпе-жегіме билеттердің алдын ала тапсырысын мына сілтеме бойынша бүгін, жұма күні сағат 09.00-ден бастап рәсімдей аласыздар. Паролі: GGG», - деп жазды боксшы.

Сатылымға түскен билеттердің бағасы 50, 100, 200, 300, 500 және 750 долларды құрайды.

Айта кетейік, бұл айқас - Головкиннің кәсіби мансабындағы 41-ші жекпе-жегі. Ол мұның алдындағы айқастарда 38 рет жеңіп, 34-ін нокаутпен аяқтады. Сондай-ақ, боксшының пассивінде 1 тең нәтиже мен 1 жеңіліс бар. Ол бұл нәтижелерді мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареспен айқас өткізгенде көрсеткен болатын.

Қазақстандық боксшы 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында 35 жастағы канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездесетінін бұған дейін жазған едік.

Стив Роллс кәсіби боксқа 2011 жылы ауысып, екінші орта салмақта (76,2 келі) өнер көрсете бастады. Жекпе-жектердің басым бөлігін өз елінде өткізді. Алты рет АҚШ-та жұдырықтасты. С.Роллс осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген. 19 жекпе-жекті 10 рет нокаутпен аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар