Бүгін Екібастұздағы барлық көпқабатты үйге жылу беріледі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Екібастұз қаласының ахуалы жөнінде оқиға орнынан бейнеконференция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЖЭО-ға келетін судың қысымы төмендеп, шығыны көбейіп кетті. Сол себепті, ЖЭО иелері мен әкімшілік шешім қабылдап, 149 көпқабатты үйді, 114 жеке үй мен 15 әлеуметтік ғимаратты жылумен жабдықтаудан уақытша ажыратты. Бұл немен байланысты? Біз екі тәулік бойы су кеткен жерді іздедік. Оның бір ерекшелігі бар, су жердің астынан сыртқа шықпайды. Кеше ғана су кетіп жатқан ең үлкен жер табылды. Қазіргі уақытта барлық жұмыс сол жерде жүріп жатыр, ол үшін 39 бригада, оның ішінде 214 адам басқа қалалардан да жиналды. Бүгін түскі уақытта Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 көпқабатты тұрғын үй мен Amanat партиясының ғимаратына жылу қосылады. Кешке дейін барлық көпқабатты үйлерге жылу беріледі», - деді Серік Жұманғарин.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні сағат 1:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаладағы ахуалға қатысты есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Екібастұзға барды. Бүгін сағат 8:00-де өткен Екібастұздағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың отырысында қаланың жылу желілеріндегі қазіргі жағдай мен температуралық режимді қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.


Соңғы жаңалықтар