Бүгін Екібастұзда 11 үй уақытша жылудан ажыратылады

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Екібастұзда үйлерді апаттан кейін жүргізілген жылу желісіне қосу мақсатында 7 жеке және 4 көпқабатты тұрғын үй жылудан ажыратылады. Бұл туралы шаһар әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұз қаласында жылу берілетін жабдықтау параметрлерін тұрақтандыру және жылу желілерін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты 18 қаңтарда Павлов көшесі, 80 мекенжайынан бастап Безымянный көшесіне дейінгі учаскедегі жылу желісіне қосу үшін 10:00-12:00 аралығында 7 жеке тұрғын үйді жылумен жабдықтау желісінен ажырату жоспарланған. Сонымен қатар, Қонаев көшесі 138 үй бағытындағы орамішілік жылу желісі учаскесіндегі жерасты төсеміндегі зақымдануды жою үшін сағат 09:00-20:00 аралығында 4 көпқабатты тұрғын үй мен 1 заңды тұлға жылумен жабдықтаудан ажыратылады», - делінген әкімдіктің Іnstagram парақшасында жарияланған хабарламада.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Екібастұзда жөндеуге байланысты екі әлеуметтік нысан мен 48 жеке үй уақытша жылудан ажыратылған еді.

Еске сала кетейік, өткен жылы 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.

Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз тұрғындарына жылу желісіндегі апаттың шығындарын мемлекет пен ЖЭО иесі бөліп төлесін деп тапсырма берген еді.

Соңғы жаңалықтар