Бүгін Димаштың туған күні: Нью-Йоркте әншінің фотолары алып экраннан көрсетілуде

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін әлемге белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 29 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Таймс-сквер алаңында үлкен экраннан Д.Құдайбергеннің фотолары көрсетілді.

«Сәлем, Таймс-сквер! Сәлем,әлем! Сәлем, 29 жас! Барлықтарыңызға осыншама үлкен құрметтеріңізге көп рахмет», - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.

Таймс-скверде түсірілген видеодан Димаштың есімін атап айғайлаған жанкүйерлердің дауысын естуге болады.

Бұған дейін Димаш өзінің туған күнінде жаңа әнінің бейнебаянын жариялайтынын айтқан болатын.

Димаш (Дінмұхаммед) Қанатұлы Құдайберген – әнші, композитор, мультиинструменталист. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ата-анасы – танымал әншілер Қанат және Светлана Айтбаевтар.

Димаш алғаш рет спектакльде ойнап, көпшілікке таныла бастады. Бес жасында тұңғыш рет музыкалық колледж сахнасында ән салған.

Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанды.

2010 жылы «Байқонырдың әсем дауыстары» халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды.

2012 жылы «Жас қанат» республикалық жас ән орындаушылар байқауының гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Восточный базар» халықаралық байқауында І жүлде алды.

2013 жылы Димаш Құдайберген «Мейкин Азия» І халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды. Сонымен қатар Витебск қаласында өткен «Славян базары-2015» XXIV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауында гран-при иеленді.

2015 жылы 28 қазан күні Ыстанбұлда Димаш «Abu TV» халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінде Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты.

2014 жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдап, Қазақ ұлттық өнер университетінің «эстрада өнері» факультетіне түсті. Димаш қазақ, ағылшын, орыс, қытай, серб, итальян, француз, тағы басқа тілдерде ән орындайды. Қытайдың I am a singer (Мен әншімін) телебайқауына қатысты. Сайыстың барлық кезеңінен өтіп екінші орынды жеңіп алды. Аталған жобаны Қытайдың ең ірі Hunan TV телеарнасы көрсетеді.

2017 жылы Азияның «Грэммиі» саналатын «Top Chinese Music Award» сыйлығын «Азияның ең танымал әншісі» аталымында жеңіске жетті. Көптеген халықаралық жүлделердің иегері.


Соңғы жаңалықтар