Бүгін Батыс Қазақстан облысы мектептерінде жаңа оқу жылы басталады

None
None
Л. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Бүгін Батыс Қазақстан облысы мектептерінде жаңа оқу жылы басталады.

Облыстық білім басқармасынан ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Елбасы Жолдауына сәйкес өңірде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруда, жеткіншек ұрпаққа сапалы білім беруде нақты шаралар қолға алынып келеді.

Соңғы үш жылда республикалық бюджет есебінен 8 мектеп, 1 балабақша, жергілікті қазына қаржысына  3 мектеп, шетел инвестициясына 2 балабақша салынды. Биылғы қыркүйектің 1-інде Оралға қарасты Желаев кентінде жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. 2008-2009 жылдары 109 мектепке немесе 435 мектептің әрбір төртіншісіне жөндеу жүргізілді. Алдағы жылы 40-50 мектеп күрделі жөнделетін болады.

Облыс мектептерінде он екі жылдыққа әзірлік ойдағыдай жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүргізілген шаралар нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде 160 мектепке дейінгі ұйым, яғни 6971 орын ашылды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдар саны 234-ті құраса, оның 111-і - балабақша, 34-і - «мектеп-балабақша кешені», 89-ы - шағын орталықтар.   Облыс бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды  мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі - 51,6 пайыз, бұл - республикалық көрсеткіштен 16 пайызға жоғары. Өткен оқу жылында 5-6 жастағы балаларды міндетті мектепалды даярлықпен қамту 92 %-ды құрады, республикалық көрсеткіш - 79 %.

Жастарға кәсіптік-техникалық бағдар беру басты талаптардың бірі болып отыр. Бүгінде барлық ауданда кәсіптік мектеп жұмыс жасайды. Қазіргі таңда 22 кәсіптік лицей, 17 колледж 80 түрлі мамандық бойынша түлектер даярлайды. Биыл кәсіптік лицейлердің материалдық базасын нығайтуға  229,8 млн теңге бөлінді. Шеберханаларға жаңа жабдықтар, оқытудың интерактивті құралдары, оқу тренажерлері алынды. Түрлі жұмысшы мамандықтар бойынша оқу зертханалары жабдықталды.

Соңғы үш жыл ішінде облыстың білім беру ұйымдары жаңа үлгідегі 320 физика, 207 химия, 207 биология және  139 мультимедия кабинеттерімен  жабдықталды. Қазіргі таңда облыста 69 мектепке республикалық бюджет есебінен 229 интерактивті кабинет орнатылды. 2009 жылы республикалық бюджет есебінен 29 биология, 27 лингафон кабинеттері сатып алынды.

Облыста мектеп жанында 60 интернат бар. Алыс елді мекенде тұратын балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасау үшін өткен жылы 4 интернат, ал биылғы жылы 9 интернат 320,3 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. 2009 жылы мектебі жоқ елді мекен балаларының күнделікті тасымалын ұйымдастыру мақсатында 24 автокөлік сатып алынды.

Статистикалық мәліметке қарағанда, жыл санап жоғары санатты педагогтар саны, әсіресе, қалада өсіп келеді. 2009 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп бітіруші түлектердің орташа балы 80,14 балды құрап,  республикалық көрсеткіштен (74,9 балл) 5,16 балға жоғары болып, бұл жөнінен облыс елде үшінші орынды иеленді. ҰБТ-да ең жоғары нәтижелерген қол жеткізген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты, Қазталов ауданының Ғ.Қараш атындағы гимназиясы, Орал қаласындағы №41 орта мектептің педагогикалық ұжымдарына ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың алғысхаттары табыс етілді.

Облыс мектептері жаңа оқу жылында да осындай табыстарға жетуге күш салатын болады.

Соңғы жаңалықтар