Бүгін Алматыда КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев тұрған үйдің қабырғасына естелік тақта орнатылды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Бөгенбай көшесіндегі 136 мекенжайындағы КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев тұрғын үйдің қабырғасына естелік тақта орнатылды.

Естелік тақтаның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, зиялы қауым өкілдері және әншінің туыстары, жары, ұлдары Байғали мен Алмас Серкебаевтар қатысты.

«Біз бүгін Кеңес Одағы және Қазақстан халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ермек Серкебаев тұрған үйде орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Қазақ мәдениеті мен өнерінің асқар тауы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып, Абай атындағы опера және балет театрында қазақ және әлемдік опералық туындыларды зор шеберлікпен орындады. Ермек Серкебаев камералық және опералық әнші ретінде де кеңінен танылды. Қазақтың мәдениетін ән өнері арқылы Еуропа мен әлемде кеңінен насихаттап, әлемдік биікке көтерілді. Ермек Бекмұхаммедұлы ұлағатты ұстаз ретінде көп шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ән мектебін қалыптастырды.

«Өмірге бірнеше ғасырда бір келетін мұндай әнші есімі қазақ мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылып, халық жадында қалатыны анық», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.

Жақындарының айтуынша, әйгілі баритон аталған үйде отбасылық өмірінің алғашқы жылдарын өткізген екен. Осы шаңырақта оның ұлдары Алмас пен Байғали Серкебаев дүниеге келген.

«Бүгін менің әкем рухы бір серпіліп қалды. Өйткені, ол туралы естелік ескерткіш тақта арқылы мәңгілік жадымызға жатталды. Осы үйде менің балалық шағым өтті. Ең бастысы, әкем маған классикалық музыкаға деген махаббатты сіңірді», - деді Байғали Серкебаев.

Жақында Кеңсай зиратындағы әншінің зиратында естелік мүсін орнатылды. Мүсіннің авторы - Қазыбек Сатыбалдин.

Естеріңізге сала кетейік, Ермек Серкебаев 2013 жылы 16 қарашада Алматыда дүние салды.

Соңғы жаңалықтар