Бүгін Алматы облысында 25 балабақша ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 25 заманауи балабақша ашылды. Аталған нысандар Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, құттықтады.

«Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл - облыс тұрғындары үшін аса маңызды әрі үлкен шара. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін», - деді А. Баталов.
null  

Мұнан соң облыс әкімі Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і - жекеменшік. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 % құрап отырғанын айтты.

Құттықтау сөзден кейін А. Баталов тұрғындармен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалап, оларға ойыншықтар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
null  

Жалпы, осы күні 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын атап өту керек.   Мәселен, Талғар ауданында (Талғар қаласы, Амангелді, Қызыл Ту, Рысқұлов, Талдыбұлақ, Тұздыбастау, Еркін ауылдары) жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында (Өтеген батыр кенті, Жаңадәуір, Байсерке, Қоянқұс ауылдары) 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында (Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдары) 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында (Жаңашар, Түрген ауылдары) екі балабақша, Талдықорған қаласында және Панфилов (Пенжім ауылы), Қаратал аудандарында (Үштөбе қаласы) балабақша бір-бірден ашылды.
null  

Аталған балабақшалар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында 94,2 %, Талғар ауданында - 89,0 %, Панфилов - 85,1 %, Іле - 84,1 %, Еңбекшіқазақ - 82 %, Талдықорған қаласында 87 % көрсеткішке жетті.

Естеріңізге салсақ, Тәуелсіздік жылдары Алматы облысында мектепке дейінгі мекемелер саны 47-ден 903-ке дейін артты, балаларды балабақшамен қамту деңгейі 3,1-ден 87 %-ке дейін өсті. Мұндай сапалық көрсеткішке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы қол жеткізілді. Алматы облысында жекеменшік балабақшалар 61,2 %-ды құрайды.
null  

Бүгінгі күні Алматы облысында 182 мемлекеттік, 288 жекеменшік балабақшалар, 433 мектеп жанындағы шағын орталықтар 64,2 мың баланы тәрбиелеп отыр.

Соңғы жаңалықтар