Будапештте Түркі кеңесінің кеңсесі ашылды

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі Мажарстанда өкілдігін ашты.Бұл туралы Қазақстанның Мажарстандағы елшілігі өзінің Facebook парақшасында жария етті.

2019 жылғы 19 қыркүйекте Будапештте Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы мен Мажарстанда ТМЫК өкілдігін ашу салтанаты болды.

Шараға Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу, Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийярто, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Қазақстанның Венриядағы елшісі Нұрбах Рүстемов және Түрік кеңесінің хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.

Жиында сөйлеген сөзінде Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу: «Бүгінгі шара түркітілдес мемлекеттер үшін айтулы оқиға. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі кеңсесінің ашылуы Түрік кеңесіне ерекше маңыз беріп отыр. Біздің отбасымыз өсіп келеді, Түрік кеңесі әсіресе сауда, кеден ісі және инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды рөл атқарады»,-деді.

Осы ретте Түркия мен Венгрия арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде екендігін атап өткен түркиялық министр, көне түрік дәстүрлерінің сақталып қалуына тап осы Венгрияның маңызды рөл атқарғандығын жеткізді.

Жиын барысында Будапештте ТМЫК өкілдігін ашу туралы меморандумға қол қойылды.

Өз сөзінде ҚР Мажарстандағы Елшісі Н.Рүстемов ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың түркі ұйымы-ТМЫК құруға қосқан қомақты үлесін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Н.Рүстемов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сай Қазақстан түркі әлемінің рухани орталығы мен бесігі екенін, басқа елдер мен өңірлердің тарихи процестеріне елеулі үлес қосқан түркі тайпалары мен халықтарының күллі дүниеге тарағанын да атап өтті. Осылайша, елдеріміздің ортақ тарихы мен мәдениеті ТМЫК ұйымына мүше елдер мен Мажарстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға кепіл болады.

Одан басқа, ТМЫК СІМ кеңесінің отырысында тараптар 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде болатын ТМЫК 7-ші Саммитінің мәселелерін де талқылады.

Іс-шара аясында Мажарстан Премьер-министрі В.Орбан резиденциясында ТМЫК мүше елдер делегацияларының басшылары мен ТМЫК Бас хатшысы Б.Әміреевті қабылдады.

ТМЫК ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылғы 3 қазанда құрылды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркия оған мүше мемлекеттер болып табылады. Мажарстан ТМЫК байқаушы ел мәртебесіне ие.



Соңғы жаңалықтар