Будапештте Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай қабылдау өтті

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Будапештте Қазақстан Республикасының Елшілігі ҚР Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Бұл жайында Елшіліктен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мажарстандағы Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов   Тәуелсіздік алғалы 27 жыл ішінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан жоғары халықаралық беделге ие болып, Орталық Азия өңірінде және жалпы әлемде өзінің геосаяси ролін нығайтқанын атап өтті. 

Қазақстандық дипломат келген қонақтарға елдегі ағымдағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, Қазақстанның одан әрі дамуына бағытталған бағдарламалық құжаттардың негізгі ережелері, атап айтқанда, «Қазақстан-2050», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Одан басқа, Елші Мемлекет басшысының мәтіні мажар тіліне аударылған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» Жолдауына аудитория назарын аударды. 
null 

Іс-шара аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының концерті ұйымдастырылды.  17 концерттік нөмірден, оның ішінде қазақтың ұлы композиторлары Құрманғазының, Дәулеткерейдің және Н.Тілендиевтің күйлерінен, Ұлы Даланың халық әндерінен, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен костюмді сюжеттік ұлттық билерден тұратын бай репертуар қонақтардың көңілінен шықты. Академияның «Алатау» фольклорлық ансамблі қазақ фольклоры мен композитор Иоганнес Брамстың классикалық шығармаларын орындады.  

Домбыра, қобыз, шаққобыз, дауылпаз, шертер, саз-сырнай және қонырау-асатаяқ сияқты ұлттық аспаптарымыз мажар қауымын тәнті етті. Академияның талантты музыканттары, әншілері мен бишілері еуропалық қонақтарға Ұлы Даланың өнерін кезекті рет паш етіп, жоғары бағасын алды.    

Іс-шара аясында Қазақстан туралы ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.

Салтанатты рәсімге Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының депутаттары, мемлекеттік органдардың, өңірлерінің басшылары, мәдениет және ғылым қайраткерлері, БАҚ, іскер топтар, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері мен қазақ диаспорасы және студент жастар қатысты.
null 

Соңғы жаңалықтар