Будапештте Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - «Тұран» түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайында Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Аталмыш  рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қазақстан Республикасының Мажарстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов, сондай-ақ, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғызстан мен Башқұртстан делегациясының өкілдері қатысты.
Мажарстандағы Абай ескерткіші Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2014 жылдың маусым айында Будапешттің беделді аудандарының бірінде орнатылған.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Ұлы Абайдың ескерткіші - күллі түркі әлеміне ортақ. Өйткені Абай - түркі гуманитарлық ойының мұрасы. Бүгінде оның еңбектерін Еуропа оқи бастады, демек келешекте қазақ ағартушысының шығармаларының арқасында әлем басқа да түрік халықтарының әдебиетін - «Манас» эпосын, Ахмет-Зәки Валидидің және басқа да көптеген авторлардың туындыларымен танысады.

Мажарстандағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов келген қонақтарға ескерткіштің орнатылу тарихын әңгімелеп берді. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы Мажарстанға танымал жерлестерінің мүсінін жіберу миссиясын өз мойнына алған. Мүсін қоладан жасалған.

Соңғы жаңалықтар