«Будапешт», «Family Village» тұрғын үй кешендерінің проблемасын көтеруге дайынмын - мәжілісмен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов елордадағы «Будапешт», «Family Village» сияқты автономды инфрақұрылымға жалғанған нысандардың проблемасын депуататтық сауал ретінде жолдап, министрлік деңгейінде көтеруге дайын екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда энергия тиімділікті арттыру» жобасының қорытындысына арналған салтанатты шарадан кейін БАҚ өкілдері осы мәселемен айналысып жүрген Мәжіліс депутаты Елдос Абақановтан астанадағы инфрақұрылымдық проблемасы бар тұрғын үйлердің келешегі туралы сұрақ қойды.

«Біз өткенде осы мәселе бойынша кездесу өткіздік. Әрине, мәселенің себебін зерттеу керек. Әкімдік неліктен автономды жылу нысанын орнатуға рұқсат берді? Ол үйлер салынып бастаған кезде тиісті инфрақұрылым болған жоқ. Бірақ құрылыс салған компаниялар шешім ретінде азаматтарға ұсынып, осындай ғимараттарды салды. Қысты күні жылуға төлейтін қаражат көлемі өте жоғары. Оны «Family Village» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бізге айтты. Қыста жылуға ғана 60-70 мың теңге, тіпті 90 мың теңгеге дейін төлеп шыққан. «Будапешті» де айтып отырсыз. Біріншіден, әкімдік неліктен инфрақұрылымы жоқ жерге үй салуға рұқсат берді? Сол сұраққа жауап табу керек. Екіншіден, әкімдіктің жоспарында осындай орталықтандырылмаған нысандарға жылу жеткізу мақсаты бар ма, жоқ па? Соны қарау керек», - деді Елдос Абақанов.

Оның пайымынша, технология дұрыс сақталсан автономды қазандықты да тиімді пайдалануға болады.

«Негізі кез келген құрылыстың техникалық шартын жасаған кезде оны салушы ұйым орталықтандырылған жылуға қосылмаймыз, автономды қазандық саламыз деп айтуы мүмкін. Сөйткен күннің өзінде, энергия тиімділік жағынан қарасақ, басында бекітілген талаптар бойынша салынса, бүкіл технология сақталса, мүмкін тұрғындар жылудың ақысын аз төлейтін де еді», - деген депутат бұл мәселені министрлік деңгейінде көтеруге дайын екенін айтты.

«Нақты бұл мәселені көтеруге дайынбыз. Өйткені ол тек біз атап өткен 2 нысанның басындағы проблема емес. Біршама нысан бар шығар, Жағалау аймағы болсын, басқа аймақтар болсын. Көтеріп, неліктен солай болғанын, мәнін білейік. Бюджетте ол проблеманы шешуге қаражат бар ма, соның бәрін нақтылау керек. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдауға дайынмын», - деді Мәжіліс өкілі.

Бұған дейін Көкшетау облысы Қосшы қалалық полиция бөлімі Қосшыдағы «Diamond park» тұрғын үй кешені мердігерлері тергеліп жатқанын хабарлаған еді.



Соңғы жаңалықтар