Бұдан былай бір ғалым бірнеше лицензияны қолдана алмайды – Әзілхан Тәжікеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжікеев «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заңды қабылдау барысында бірнеше отырыс болып, талқыланды. Мен 2-3 отырысына қатыстым. Менің ойымша, осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кез келді. Бұл – уақыт талабы», - дейді Әзілхан Тәжікеев.

Ол заңға енгізілген бірқатар өзгеріске тоқталып өтті.

«Біріншіден, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде заңға «Сакральді ескерткіштер» деген пункт енгізілді. Екіншіден, бұдан былай ескерткіш орналасқан аймақтың жергілікті басқару органына зерттеу жұмыстары жүргізілетіні туралы хабар беріледі. Бұрынғы заңда да бұл мәселе қарастырылған, бірақ жаңа заңда қай уақытта хабарлануы керек екені, мақсаты не екені нақтырақ көрсетілген. Мысалы, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі ғылыми орталықтардан ұйымдастырылған экспедициялардың аймаққа келгені туралы жергілікті басқару органдары, жергілікті ғалымдар білмей де қалатын жағдайлар болған», - дейді орталық жетекшісі.

Сондай-ақ, ол бұдан былай қазба жұмыстарында табылған заттар қай музейге өткізілетінін арнайы құрылған комиссия ғана шешетіні туралы айтты.

«Үшіншіден, бұл заңда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың музейге тапсырылу тәртібі енгізілді. Бұл да бұрынғы заңда болған, бірақ бұл заңда өткізу регламенті нақтырақ көрсетілген. Енді табылған заттар тиісті өңдеуден өткеннен кейін міндетті түрде мемлекеттік музейлерге өткізіліп, қабылдау актісі, өткізу актісі толтырылуы керек және ол заттардың суреті, сипаттамасы жазылған есеп қоса берілуі керек. Сондай-ақ, табылған заттарды комисия қарап, қай музейге өткізуі керек екенін шешеді.

Төртіншіден, археологиялық зерттеулерге жіберілетін лицензияның берілу тәртібі өзгерді. Қазіргі уақытта Қазақстанда жүзден астам лицензиясы бар ЖШС мен жеке кәсіпкер бар. Оның саны бар, сапасы жоқ болғандықтан – жағдай тарихи ескерткіштердің бұзылуына әкеп соқты. Бұрын жетекші археолог бірнеше лицензиямен жетекші немесе орындаушы бола беретін. Бұдан былай бір ғалым, бір ғылыми детекші лицензияны тек бір ғана мекемеден алады. Енді бір ғалымның бірнеше лицензия алу құқығы болмайды. Лицензия саны бірнеше есе азайып, жұмыс сапасына оңды әсер етіп, жақсы нәтижесін береді деп ойлаймын», - дейді ол.




Соңғы жаңалықтар