Брюссельде жүгіруден жыл сайын өтетін жарысқа 40 мыңнан астам әуесқой спортшы жиналды

Фото: Фото: twitter.com/amandajarcher
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгия астанасында жыл сайынғы «Брюссель 20 шақырым» спорттық шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 шақырымдық жарыс - жартылай марафон емес, бірақ Бельгия астанасы үшін маңызды оқиға. Биыл 43-ші рет ұйымдастырылып отырған шараға орай Брюссель көшелерінің көпшілігі жабылды.

Шара Бельгия тәуелсіздігінің 50 жылдығы саябағынан басталды. Ары қарай марафонға қатысушылар Бельгия астанасының тарихи бөлігі саналатын Еуропалық кварталды кесіп өтіп, Брюссельдің «Bois de Cambre» саябағы арқылы мәре сызығына шығуы керек.

Жарыс жолында ұйымдастырушылар спорттық іс-шараға қатысушыларды су және салқын сусындармен қамтамасыз ету пункттерін қарастырды. Ол үшін ұйымдастырушыларға мыңнан астам ерікті көмектесті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жарысқа қатысу үшін 40 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Оның ішінде 33 мыңнан астамы - әуесқой жүгіруші, 5,6 мыңы - жаяу жүргінші және 1,2 мыңы - мүмкіндігі шектеулі жандар.

Бельгияның Премьер-Министрі Александр Де Кроо қатысушылардың бірінші тобын өзі жөнелтті. Спортшылардың екінші легін қала мэрі Филипп Клоуз қашықтыққа «жіберді». Үшінші кезектегі «старт» командасын Еуропалық парламент төрағасы Роберта Метсола берді.

Жарысқа қатысушылардың бағыты Бельгия астанасының көрікті жерлері арқылы өтті.

Аталмыш жарысқа қатысушылар арасында Бельгияда тұрып, жұмыс істейтін қазақстандықтар да болды.

Отандастарымыз мұндай спорттық шараларға үнемі қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға тырысатындарын атап өтті.

Жарыс соңында ұйымдастырушылар әр қатысушыға спорттық шараға қатысқаны үшін естелік медаль табыстады.


Соңғы жаңалықтар