Брюссельде полиция мен «сары жилеттер» арасында қақтығыс болды

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгия астанасында «сары жилеттер» қозғалысы ереуілшілері мен полиция арасында қақтығыс болып, 100-ден астам адам тұтқынға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Сенбі күні сары кеудеше киген 500-ге тарта адам Брюссель орталығында ереуілге шықты. Наразылық танытушылар Еуропалық одақ мекемелеріне бармақ болды, алайда мыңға жуық тәртіп сақшысы оларды жібермеді.

Кейбір ашулы ереуілшілер тіпті полицейлермен жаға жартысып, оларға тас және шөлмек лақтыра бастады. Ал тәртіп сақшылары оған жауап ретінде суатқыш пен арнайы құралдарды пайдаланды.

Полицияның мәліметінше, бүгінге дейін 100-ге тарта адам тұтқындалған. Бірақ бұл көрсеткіш уақыт өте келе ұлғая беретін сыңайлы.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, «Сары жилеттер» елдегі бірқатар автомагистральдарды да жауып тастаған.

Айта кету керек, «Сары жилеттер» наразылығының себептері анық емес, бірақ олардың талаптары жанармай бағасы мәселесінің шеңберінен шығып кеткен. Олардың әлеуметтік желіде жарияланған талаптары әрқилы: жалақыны өсіру мен салықты төмендетуден бастап қоғамдық көлік жұмысын реттеу мен үкіметтің отставкаға кетуіне дейін жалғаса береді.

 

 

Соңғы жаңалықтар