Брюссельде Қазақстанға нарық экономикасы бар ел мәртебесін беру мәселелері талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше, 2016 жылдың 29 ақпанында Брюссельде ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова Еуропа одағының сауда мәселелері жөніндегі комиссары Сесилия Мальмстроммен кездесті.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Ж.Айтжанова мен С.Мальмстром Қазақстанға нарық экономикасының мәртебесін беру мәселелерін, ЕО елдерінде шығарылатын, ветеринарлық бақылауға жатқызылатын тауарларды кіргізу және транзиттеуге қатысты бірқатар мәселелерді, сондай-ақ еуропалық инвесторлар мен қазақстандық компаниялардың арасындағы дауларды шешумен байланысты мәселелерді ортаға салды.

Қазақстандық делегацияның басшысы Қазақстанның ЕО-ның өз серіктестеріне нарық экономикасы мәртебесін беру негіздеріндегі өлшемдерге сәйкес болуына дәлелдерін келтіріп, Қазақстан Үкіметі қолданып отырған реформалар жайында айтып өтті.

«Қазақстан үшін нарық экономикасының мәртебесі екіжақты сауда көлемін өсіру үшін ғана емес, сондай-ақ ЕО елдерінен экономиканың өңдеу секторларына Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың арасында 2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімнің аясында инвестицияларды тарту үшін маңызды», - деп атап өтті Жанар Айтжанова.

Еуроодақ Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 2015 жылы 31,3 млрд теңгеге жеткізді. Бұл Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 40 пайызы.

Соңғы жаңалықтар