Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты қарым-қатынас келешегі талқыланды

Фото:
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссель қаласына сапарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа астанасында Қазақстан өкілі Еуропарламент мүшелерімен, Еуропалық сыртқы әрекет қызметімен бірқатар кездесу өткізді.

Р.Василенко Бельгиядағы қазақстандық БАҚ өкілдерімен мұндағы кездесулерінің мазмұны туралы айтып берді.

«Биыл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Нақты күні - 2 ақпан. Кездесулеріміздің мақсаты өткен 2022 жылы атқарылған істерді бағалау болды. Еуропалық әріптестеріміз атап өткендей, бұл біздің қарым-қатынастарымызды дамытуда бұрын-соңды болмаған қарқынды жыл болды. Біз 2023 жылды да лайықты өткізу, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Одақ басшылығы, дәлірек айтқанда Қазақстанға сапармен келген Еурокеңес басшысы Шарль Мишель және Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен қол жеткізген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін жаңа жоспарлар белгіледік», - деді Роман Василенко.

Еурокомиссия басшысы Қазақстанға биыл сапар жасап, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайыловпен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутегі құнының тізбегін құру саласында қол қойған ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру бойынша «жол картасына» қол қоюды жоспарлап отыр.

Қазақстан еуропалық нарыққа мұнайдың 8-9%-ға жуығын жеткізеді, яғни Еуропалық Одақ үшін энергетикалық ресурстарды ең маңызды жеткізушілердің бірі.

Қазақстан-Еуропа арасындағы пікірталастардың тағы бір тақырыбы – «Орта дәлізді» дамыту. Яғни, Қазақстан мен Еуропа арасында Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы тығыз байланыс орнату. Бұл тақырып биыл да екі жақтың назарында болмақ.

Фото: gov.kz
Соңғы жаңалықтар