Брюссельде Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Брюссельде Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының жаңа белестері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның ЕО жанындағы өкілі, Елші Марғұлан Баймұхан «Еуропалық қатынастар» саласында мамандар даярлау жөніндегі жетекші жоғары оқу орнының басшысы, «Еуропа колледжінің» ректоры, Еуропалық Одақтың бұрынғы Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі және Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Федерика Могеринимен Қазақстан-Еуропалық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ «Еуропалық қатынастар» саласында мамандар даярлау мүмкіндіктерін талқылады.

Ф.Могеринидің пікірінше, Қазақстан мен ЕО тиімді серіктестік құруға ұмтылатын екіжақты мүддеге негізделген сенімді диалог құра алды.

Ф. Могеринидің ҚР-ЕО қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі ерекше екенін атап өткен жөн. ЕО сыртқы саяси ведомствосының басшысы ретінде ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді талқылауға қатысты және оған қол қойды. Бұл келісім өңірдегі осы іспеттес алғашқы құжат болып табылады. Бүгінгі таңда Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарып, екіжақты қатынастардың кең ауқымын қамтиды.

Сондай-ақ, 2019 жылы ЕО-Орталық Азия форматындағы қатынастарға жаңа серпін берген, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясы қабылданды.

Кездесу барысында Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар, ҚР және ЕО аумағындағы вакциналау үрдісінің ерекшеліктері, Қазақстандық «QazVac» вакцинасын өндіру және пайдалану мәселелері талқыланды.

Тараптар ядролық қаруға қарсы қозғалысты ілгерілету және жаңа халықаралық бастамаға – ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық Көшбасшылар Альянсын құруға ерекше тоқталды.

БҰҰ жоғары деңгейдегі тобының тең төрағасы және ядролық қаруды таратпау мәселелерімен белсенді айналысқан бұрынғы парламентарий ретінде Ф.Могерини бастамаға қызығушылық білдіріп, осы бағыттағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Тараптар қазақстандық жоғары оқу орындары, сарапшылар қоғамдастығы және «Еуропа колледжі» арасында жемісті ынтымақтастық орнату және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндігін егжей-тегжейлі зерделеуге уағдаласты.

Анықтама ретінде: «Еуропа колледжі» 1948 жылы Брюгге (Бельгия) ашылды. Еуропалық қатынастар саласындағы магистрлерді дайындайтын аса беделді жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта бұл ЖОО-да 50-ден астам елдің студенттері білім алады. Студенттер еуропалық құқық, еуропалық экономикалық және саяси зерттеулерді оқиды. «Еуропа колледжі» еуропалық институттардың болашақ қызметкерлерін даярлаудың негізгі орталығы ретінде танымал және Еуропа елдері және өзге де елдерінің саяси элиталары өкілдерінің білім ордасы болып табылады.


Соңғы жаңалықтар