BRT: Енді алматылықтар жолға кететін уақытты есептей алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылдам автобус қатынасы (BRT) желісіндегі жолаушылар легі 40 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Транспорт холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Мұстафин, Сүлейменов, Жандосов, Тимирязев көшелерін жалғап тұрған BRT желісі іске қосылғаннан бері жолаушыларды тасымалдау көлемі 40 пайызға артқан. Жақын арада бұл көрсеткіш еселенсе, адамдар, әсіресе жүргізушілер барар жеріне такси немесе өз көліктерінен гөрі қоғамдық көлікпен жету ыңғайлырақ екенін түсіне бастайды»,- деді Транспорт холдингіндегілер. 

BRT желісінің ұзындығы 8 шақырымға созылып жатыр. Бұл қашықтықты қоғамдық көлік жарты сағатта еңсереді. Бұрын жолаушылар қарбалас уақыт кезінде жолға бір жарым сағат жоғалтатын. 

null «Соңғы деректер бойынша, BRT-нің бірінші кезеңі іске қосылған 10 күн ішінде жолашылар қатары 140 мыңға жеткен. Бір жыл бұрын бұл сан 100 мыңнан әрең асқан болатын. Және бұл көрсеткіш Желтоқсан көшесіне дейін ғана созылып жатқан BRT желісінің бірінші кезеңіне жасалған есеп. Келесі бөлікті іске қосса, BRT-мен қатынаушылар саны көбеймек»,-деді Алматы Транспорт холдингінің директоры Садир Хамраев.

Енді қоғамдық көлік белгіленген жолымен ғана жүріп, сол жаққа бұрылыс жасайтын көліктер оның жылдамдығына кедергі келтірмейтін болады. 

«Бұл, біріншіден, қоғамдық көліктерді кесте бойынша жүруге үйретеді. Екіншіден, жолаушылар BRT аялдамасына келген бетте жолға кететін уақытын есептей алады»,-деді холдинг басшысы. 

Жыл соңына қарай қала әкімдігі қосымша BRT желісін жасайды. Ол «Орбита» ықшам ауданынан шығып, Тимирязев-Желтоқсан көшелерінің қиылысына дейін бойлайды. Бұл бағытпен 18 метрлік ұзын автобустар жүретін болады.

Соңғы жаңалықтар