Брокерлік шотты қалай ашуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қор нарығында бағалы қағаздармен сауда жасамас бұрын инвестициялық шот ашу керек. ҚазАқпарат Fingramota.kz сайтына сілтеме жасай отырып мұны қалай жасауға болатынын және инвестордың қай міндеттерге назар аударуы керек екені туралы мәліметті ұсынады.

Қазақстанда бөлшек инвесторлар қор биржасында лицензиясы бар делдалдар – брокерлер мен дилерлер арқылы ғана сауда жасай алады. Бұлар клиенттің атынан бағалы қағаздармен мәмілелер жасайтын және сауда-саттыққа тікелей қол жеткізе алатын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары.

Инвестициялық делдалдардың қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан уәкілетті орган реттейді. Қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензиясының болуын тексеруге болады. Егер лицензия бар болса, ол нарықтың қатысушысы болып саналады және брокердің әрекетінен инвесторлардың құқықтары бұзылған жағдайда реттеуші оған ықпал етудің түрлі шараларын қолдана алады.

«Брокерді анықтап алғаннан кейін сіз онымен брокерлік қызмет көрсету және бағалы қағаздарды номиналды ұстау бойынша жазбаша шарт жасауыңыз керек. Қызмет елдің барлық кәмелетке толған азаматтары үшін тиісті құжаты болған жағдайда іске асырылады. Осы шартқа сәйкес брокер бағалы қағаздарды сатып алу және сату бойынша қызмет көрсетеді. Бағалы қағаздар бойынша мәмілелер жасау нәтижесінде сіз инвестициялық табыс аласыз (бағалы қағазды сату кезінде оның құнының өсуі немесе купондық сыйақы түрінде), ал брокер өз кезегінде өз қызметтері үшін комиссия алады», - делінген таратылған мәліметте.

Брокер инвесторға Бағалы қағаздар орталық депозитарий жүйесінде шот ашады. Бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерге арналған барлық шоттар Орталық депозитарий жүйесінде ашылады. Сол жерде инвесторлардың активтері дербес шоттарда сақталады, бұл клиенттер қаражатының сақталуын және барлық мәмілелердің транспаренттілігін қамтамасыз етеді.

Қазақстанның қор нарығындағы соңғы екі жылдағы ең елеулі үрдістердің бірі ретінде инвестор- жеке тұлғалар санының өсуі болып отыр. 2022 жылдың алты айында бөлшек инвесторлардың саны жыл басынан 1,6 есеге артып, 365 мыңнан асты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар 146 мың жаңа дербес шотты тіркеген.

Үйден шықпай-ақ шот ашуға бола ма?

Инвестициялық шотты бірнеше тәсілдермен ашуға болады:

- брокермен жеке кездеу барысында;

- брокердің мобильдік қосымшасы арқылы;

- брокердің сайтында онлайн-өтінімі арқылы.

Инвестициялық шотты ашу, жүргізу және жабу – ақысыз көрсетілетін қызмет, бұл ретте брокерлер шотты сол күні немесе үш жұмыс күні ішінде ашады.

Шарт бекіткеннен және шот ашқаннан кейін, бағалы қағаздарды, алтынды сатып алуға әрі сатуға өтінімдерді орналастыру үшін сауда терминалына қол жеткізе аласыз. Сіз қандай биржаларда сауда жасай алатыныңызды брокер көрсетеді. Осылайша, отандық және шетел компанияларының акцияларын, облигацияларын және басқа да қаржы құралдарын сатып ала аласыз.

Тапсырыстарды SMS немесе ЭЦҚ арқылы растай отырып, брокерлік компанияның мобильдік қосымшасы арқылы немесе оның сауда платформасында сауда операцияларын жүргізуге өтінімдерді бере аласыз және растайсыз.

Брокерлермен жұмыс істеген кезде инвесторлар қандай жаңалықтарды білуі керек?

2022 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа ҚР Заңын қабылдады, ол 2022 жылғы қыркүйекте күшіне енеді.

Қор нарығына қатысты барлық жаңалықтар инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Заңда инвестор-жеке тұлғаларға Агенттік лицензиясының негізінде жұмыс істейтін және тиісті біліктілігі бар брокерлер ғана инвестициялық ұсынымдарды жасай алатыны қарастырылған.

Егер клиент инвестициялық ұсынымдарды беру тәртібін сақтамау нәтижесінде шығынға ұшыраса, брокер немесе инвестициялық портфельді басқарушы жауапкершілікке тартылады. Мұндай жауапкершілік клиентке жаңылыстыратын ақпарат немесе жалған мәлімет берілген жағдайларда да болады.


Соңғы жаңалықтар