Британия сарапшысы пандемияның сот процестеріне тигізген әсері туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Англия университетінің бизнес және құқық факультеті құқық кафедрасының аға оқытушысы, Криминология және құқық бағдарламаларының жетекшісі, қылмыстық сот төрелігін зерттеу бөлімінің менеджері Эдвард Джонстон Еуропада пандемия кезеңінде сот органдары қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалым бұл мәліметтерді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесі мен ҚР Жоғарғы соты және Құқықтық саясатты зерттеу орталығы «COVID-19 пандемиясы кезінде сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбындағы онлайн кездесуде айтты.

Эдвард Джонстон Англия мен Уэльсте, сондай-ақ АҚШ-та пандемияның қылмыстық процеске жанама әсер еткеніне тоқталды.

«Олардың ішінде кінәні мойындау туралы мәмілелер мен адвокат көмегін пайдалану құқығынан бас тарту шаралары көбейіп, алқабилер қараған істер санының азайғанын байқауға болады. Сот процесінің қысқартылған түрлері, сотталушыны сотқа дейінгі ұстау кезінде кінәні мойындауға мәжбүрлеу белең алды. Сотқа дейінгі процестер тәуекелі жоғары «покер» ойнына айналғандай болып отыр. Айыбын мойындап мәмілеге келсе, жаза мерзімі қысқартылады. Ал келіспесе, 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі туындады. Прокурордың айыптаудағы өкілеті шексіз сипат алды. Ал адвокаттардың сот жүктемесі ауырлады», - деген сарапшы пандемия жағдайындағы сот жүйесінде адвокаттардың рөлі әлсірегенін проблема етіп көтерді.

«Онлайн отырыстардың әсерінен қарсыласу принципі күшін жоя бастады. Ал қылмыстық сот төрелігіне басқарушылық-рационализаторлық тәсіл енгізу адвокаттың қорғаудағы рөлін екінші орынға ығыстырды. Мұның астарында кінәсі жоқ күдіктілер қысым салдарынан жасамаған қылмысты мойындау қаупі көбейеді. Бізге пандемия кезіндегі сақтық амалдарын індете енгізуді тежеп, құқықтық процедураларда заңға құқықтық принциптерді негізге алу қағидатын ұстану керек», - деді Эдвард Джонстон.


Соңғы жаңалықтар