Британия коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина қолданбақ

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Британ билігі Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаны медициналық қолдану үшін мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Ұлыбритания – AstraZeneca компаниясының препаратын мақұлдаған әлемдегі алғашқы ел болды. Ел билігі аталған вакцинаның 100 млн дозасына тапсырыс берді. Бұл 50 млн адамды вакцинациялауға жеткілікті. Pfizer және BioNTech компанияларының вакцинасына берілген тапсырысты ескергенде дозалар саны елдің барлық тұрғыны үшін жетеді. Вакцина 2020 жылдың басында әзірленген. Сәуір айында алғашқы еріктіге сынақ жасалды. Кейіннен тестілеуге мың адам қатысты.

Аталған препараттың -70 градус Цельсийден аспайтын температурада сақтауды қажет ететін Pfizer және BioNTech вакцинасынан айырмашылығы AstraZeneca вакцинасын қарапайым тоңазытқышта сақтауға болады. Сондықтан да оны тасымалдау аса қиындық туғызбайды. AstraZeneca елді аптасына 2 млн дозаға дейін вакцинамен қамтамасыз ете алатынын хабарлады.

Британияда жаппай вакцинация басталғалы 600 мыңнан астам адамға екпе салынған. Премьер-министр Борис Джонсон вакцинаның жасалуын британдық ғылымның жеңісі деп атады.

«Енді біз мүмкіндігінше көп адамды және тезірек вакцинациялаймыз», - деді ол өзінің Twitter парақшасында.

Елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок ВВС-ге берген сұхбатында вакцинаның мақұлдануын вируспен күрестің маңызды сәті деп атады.

«2021 жыл үміт пен қалпына келтіру жылы болуы мүмкін. Өйткені біз пандемиядан қалай шығуға болатынын көріп отырмыз», - деп атап өтті ол.

AstraZeneca компаниясының препаратымен вакцинациялау дүйсенбі, 4 қаңтарда басталады деп күтілуде.

Британияда өткен тәулікте 50 мың адам коронавирус жұқтырды. Осы уақытқа дейін 981 мың адам коронавирустан көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар