Британдық депутат Қазақстандағы сайлау туралы ой бөлісті

Фото:
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарын сайлауда Ұлыбритания Қауымдар палатасынан бақылаушы болған Дэниел Кавчински Қазақстанға сапары туралы өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан және қазақстандықтар туралы

«Бұл – менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Мен түрлі діндер мен халықтарды құрметтейтін өте толерантты қоғамды көрдім. Астананың қарқынды дамуын, зәулім ғимараттар, бизнес-драйв, көшелердің тазалығы, ұйымдастырылған әлеуеті жоғары қоғамды байқадым», - деді британдық депутат Лондонға оралғаннан кейін.

«Мен өте ақылды, талғампаз, жоғары білімді, әлемге ашық, динамикалық, іскер адамдарды көрдім, олар айтарлықтай пайдалы қазбалар қоры бар елде тұрады және Ұлыбритания Қазақстанның маңыздылығын неғұрлым тезірек түсінсе, соғұрлым жақсы», - деп жалғастырды ол.

«Пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін металдардың қомақты қорына ие Қазақстан мен Моңғолия сияқты елдер байлығы жағынан жаңа Кувейт пен Сауд Арабиясы бола алады. Сондықтан, Қазақстан және Моңғолиямен берік және өзара сыйластық қарым-қатынастар құру біздің Үкімет үшін өте маңызды деп санаймын», - дейді спикер.

Байқау кезінде түртіп алған оң тұстар

Қауымдар палатасының депутаты Қазақстандағы сайлаудың ұйымдастырылуына тәнті болды және ол өзінің есебінде британдық парламентшілерге бірнеше ұсынысты қамтымақ.

«Біріншіден, сайлау учаскелерінде дәрігерлер мен медбикелер болды. Қазақстан үкіметі қарттардың, жүкті әйелдердің және басқа да осал топтардың сайлау учаскелеріне қарды басып келетінін ескерген. Бізде мұндай жоқ. Бұл – бірінші ұсыныс», - дейді ол.

«Екінші ұсыныс – сайлауды адамдардың дауыс беруге уақыты болуы үшін жексенбі күні өткізу. Бізде сайлау бейсенбіде өтеді. Адамдар жұмыста, сол себепті уақыт таппай күйзеледі. Жұмыс күні олардың тұрмыстық мәселелері бар және дауыс беру әрқашан қолайлы бола бермейді», - деді Дэниел Кавчински.

«Кейбір сайлау учаскелерінде музыка ойнап тұрды, бұл халыққа сайлауды жағымды етіп көрсетеді. Мен сондай-ақ, мәслихаттар мен Парламенттің төменгі палатасына сайлауға қатысқан тәуелсіз кандидаттардың көптігіне таңқалдым. Оған әйелдер, жастар және т.б. көптеп қатысты», - деді британдық парламентші.

Сайлау мен Президент Тоқаевтың реформасын бағалау

«Президент Тоқаев – халықаралық деңгейде жоғары құрметке ие, өте тәжірибелі дипломат. Ол Президент пен Парламент арасындағы жүйені қайта құруға арналған реформаларды жүзеге асырып жатыр», - деді Дэниел Кавчински.

«Менің ойымша, сайлау әділ әрі ашық өтті. Әр учаскеден процесті бақылайтын 20 немесе 25 байқаушыны көрдім. Бізде ондай жоқ. Бұл керемет деп ойладым. Мен Қазақстанда сайлау көптеген батыс елдерінде көргенімнен әлдеқайда жақсы өткізіледі деп айтар едім. Қазақстан қысқа уақыт ішінде ұзақ жолдан өтті», - деп есептейді парламентші.

«Айтпақшы, әрбір сайлау учаскесінде Қазақстанның Туы мен Елтаңбасы болды. Бізде ол жоқ. Менің ойымша, адамдар сайлаудың маңыздылығын сезінуі үшін мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның болуы өте маңызды», - деді Қауымдар палатасының депутаты.

«Бірақ, мен үшін ең әсерлі сәт сайлау учаскесінің жұмысы аяқталғаннан кейін жиналғандардың барлығы Қазақстанның мемлекеттік Әнұранын шырқағаны болды. Әнұранның сөздері өте өтімді және адамдар оны зор құрметпен шырқады. Мен мұндайды бұрын-соңды көрмеген едім, бұл маған қатты әсер етті», - деп қорытындылады Дэниел Кавчински.


Соңғы жаңалықтар