Brexit: Ұлыбританияның ендігі бағыты қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу уақыты тақаған сайын мәселе күрделене түсуде. Жақында Британия Корольдігі Парламентінің Қауымдар палатасы Brexit бойынша қараша айында жасалған келісімді қабылдамай тастады. Ұлыбританияның ендігі бағыты қандай болмақ? «ҚазАқпарат» ХАА назарларыңызға осы тақырып төңірегінде әлемдік баспасөзге шолуды ұсынады.

Тереза Мэй «Б» жоспарын таныстырды - BBC

Тереза Мэй дүйсенбі күні депутаттардың алдына шығып, өзінің қосымша жоспарын таныстырды. BBC News басылымының хабарлауынша, Тереза Мэйдің баяндамасынан кейін депутаттар Brexit шешімін өзгертуге қатысты ұсыныстар беруді бастап кеткен. Автордың айтуынша, депутаттар Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу уақытын созып, келісім жасамаудың жоспарын да ойлап жатыр.

«Парламент мүшелері референдум өткізу қажеттілігіне қатысты мәселені нақты шешуі тиіс. Ал Тереза Мэй Еуроодақтың кезекті референдумы халықтың біртұтастығы мен өзара бірлігіне нұқсан келтіретінін айтты. Лейбористік партия депутаты премьер-министрден Brexit келісімі 26 ақпанға дейін жасалмаса, уақытын созуды сұрады. Ал кейбір министрлер Брекситті еш келісімсіз шығару керектігін айтып отыр» - деп жазады басылым.

Баяндама барысында Тереза Мэй Еуроодақтың миллиондаған тұрғындары Brexit-тен кейін Ұлбританияда тұру үшін 65 фунт стерлинг төлеу керек деген ережені алып тастағанын айтты. Сонымен қатар Ирландияның қолдауына ие болуға тырысатынын жеткізді.

«Тереза Мэй өз сөзінде бұдан кейінгі әрекеттері туралы нақты әрі толық мәліметті өте аз келтірді», - дейді автор.

Ұлыбритания Еуроодақпен келісім жасай алса да, жасай алмаса да, 2019 жылдың 29 наурызында Еуроодақтан шығуы тиіс. Brexit Ұлыбритания заңдарына өзгеріс енгізуді қажет етеді. Ал Еуропа соты 2018 жылдың 10 желтоқсанында Ұлыбритания Brexit процесінен бас тартып, Еуроодақ мүшесі болып қалатынын айтқан еді. Ал Премьер-министрдің ұстанымы қандай? Әзірше Тереза ​​Мэй депутаттардың басым бөлігі «Brexit»-ке қарсы дауыс берсе, Ұлыбритания еш келісімсіз-ақ Еуроодақтан шыға беретінін мәлімдеді.

29 қаңтарда қайта дауыс беру өтеді - AL Jazeera

AL Jazeera басылымының жазуынша, Ұлыбританияның Премьер-Министрі Тереза Мэй депутаттардың қолдауына ие болуға тырысатын болады.

«29 наурыз күніне белгіленіп отырған Brexit, яғни, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына жетпіс күн қалғанда Тереза Мэй депутаттарға қосымша жоспарын таныстыратын болады.Дегенмен, Лондондағы Еуропа университетінің ғылыми қызметкері Оливер Пательдің айтуынша, Тереза Мэйдің депутаттар алдына шығып, «Б» жоспары туралы айтуы оның саясатындағы маңызды өзгерістерді көрсете алмайды. Себебі бұл заңға негізделген міндетті іс-әрекет қана», деп жазады басылым.Басылымның жазуынша, Еуроодақтан шығу заңына сәйкес, Тереза Мэй өз міндетін орындап, депуттаттардың алдына шығып, ары қарайғы әрекеттерін ұсынып, Брюссельмен келісімді бұзса не істейтінін нақты айтуы керек.

«Қазір оған қатты саяси қысым көрсетіліп жатыр. Ал Еуропарламент Brexit альтернативасын ұсынуға дайындалуда. Сонымен қатар 29 қаңтар күні тағы да дауыс беру өтетін болады», деп жазылған мақалада. Лондондағы үкімет институтының зерттеушісі Мэдди Джектің айтуынша, Мэйдің соңғы жоспары Еуропарламенттің шешіміне әсер етуі мүмкін және оның мәлімдемесі дауыс беруге, депутаттардың қандай шешім шығаратынына ықпал тигізетін болады.

Автордың пайымынша, Тереза Мэйдің Еуроодақпен кедендік одақта болудан бас тартуы мемлекетте партияаралық келіссөздердің дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді. Ал кейбір сарапшылар Еуроодақ саяси капиталын Тереза Мэй үшін құртпайтынын, сондықтан ол парламент арқылы өз дегеніне жете алмайтынын алға тартуда.

«Б» жоспарының «А» жоспарынан еш айырмашылығы жоқ - CNN

Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы депутаттарының көпшілігі қарсы дауыс берген соң Тереза Мэй дүйсенбі күні нақты дәлелдер келтіріп, байыпты пікір білдіруі керек еді. Ал CNN басылымының жазуынша, Премьер-Министр соңғы бірнеше күнде барлық тараппен келіссөздер жүргізіп, тығырықтан шығуға тырысып көрген.

«Бұл келіссөздердің барлығы Brexit жоспарының аздап өзгеруіне әсер етті. «Б» жоспарымен таныстыратынына уәде берген Тереза Мэй прогресс бар екенін айтқан еді. Ол өз сөзінде «Brexit»-ке байланысты екінші референдум Ұлыбританияның экономикасына қауіп төндіретінін атап өтті. Дегенмен, Тереза Мэйдің қосымша жоспары басқаша сөздермен жеткізілген «А» жоспары ғана болып шықты», - деп жазады басылым.

Айта кету керек, Brexit - 2016 жылы референдум арқылы қабылданған Ұлыбритания­ның Еуроодақтан шығу процесі. Сол жылы маусымда өткен референдумда Британ халқының 51,9%-ы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 48,1%-ы қарсы дауыс берген еді.

Соңғы жаңалықтар