Brexit Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасына ықпал етпейді - Алан Данкан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлбританияның Еуропалық одақтан шығуы Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуына еш кедергі келтірмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері жөніндегі министрі Алан Данкан бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында өткен «ХХІ ғасырдағы Ұлыбритания және қазақстандық-британдық қатынастар» кездесуінде  мәлім етті.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Мен онда Ұлыбританияның соңғы бес жылда қол жеткізген жоғары деңгейдегі екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін айттым. Ұлыбритания саясатындағы ең күрделі мәселелердің бірі - біздің Еуроодақтан шығуымыз. Бірақ, бір нәрсе анық, Ұлыбритания әлеммен өзара ықпалдастықты жалғастыра береді. Біз Еуропа одағынан шығамыз, бірақ Еуропадан шығып кетпейміз. Сондай-ақ, біз өзара қарым-қатынастарды нығайтып, Қазақстан секілді елдермен анағұрлым мықты серіктестік орнатқымыз келеді. Сол себепті, Қазақстан мен Ұлыбритания Еуроодақтан тыс жаңа рөлді дамытуға  тырысады», - деді Алан Данкан. 

Оның айтуынша, Еуроодақтан шығу - әлемнен шеткері қалу емес. Британия алдағы 18 ай бойы  ЕО шығу туралы келіссөздер жүргізеді және еуропалық көршілерімен, серіктестерімен жаңа қарым-қатынас орнатады. 

«Өткен жылы британдықтар Еуропа одағынан шығуға дауыс бергенде, Британияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен немесе НАТО-дан шығуына дауыс берген жоқ. Олар үлкен жетіліктің немесе үлкен жиырмалықтың мүшелігінен бас тартқан жоқ. Олар Британияның бостандық пен демократия, заң үстемдігіне адалдығынан бас тартқан жоқ. Осылайша, халықаралық ұйымдарда  Қазақстан секілді серіктестімізбен әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті, заңдар мен қағидаларға негізделген халықаралық жүйелерді дамыту үшін, қорғау үшін жұмыс істейтін боламыз», - деп өз сөзін толықтырды британдық министр. 

Сонымен бірге, А.Данкан Қазақстанның қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктес екенін атап өтті.

«Біздің қауіпсіздік саласындағы серіктестеріміз де өзгеріссіз қалады. Бұл орайда Қазақстан біз үшін өте маңызды серіктес болып қала береді. Жыл соңына дейін Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қатысады. Орталық Азия елі үшін бұл Кеңеске қосылудың сәті енді туды. Мұнда Қазақстан бүкіл әлем тап болып отырған қауіпсіздік мәселелерімен күресте маңызды рөл атқаратын бірегей мүмкіндікке ие болды. Бұл кезең сіздердің бірегей географиялық орындарыңыз бен тарихи-мәдени көзқарастарыңызды кеңес жұмысында қолдануға мүмкіндік береді», - деді ол.

Кездесу барысында А.Данкан екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтті. Ол екі ел ынтымақтастығының беріктігіне қуаныш білдіре отырып, серіктестіктің келешекте одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Атап өткен жөн, Ұлыбритания - Қазақстанның ең ірі алты инвесторының бірі. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінен бері Ұлыбритания салған тікелей инвестициялар көлемі 25 миллиард АҚШ долларынан асты.

Соңғы жаңалықтар