Brent мұнайының бағасы барреліне $95 түсті

Фото:
БАКУ. ҚазАқпарат – Кеше Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайының бағасы арзандап, барреліне 95 доллардан да төмен саудаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Turan агенттігіне сілтеме жасап.

Биылғы наурыз айында аталған мұнай маркасының баррелі 139 долларға дейін көтерілген еді. Ол жолы Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге салынған санкциялар әсерінен әлемдік нарықтағы мұнайға деген сұраныс төмендейді, деп күтілген. Тиісінше, шығындарды өтеу мақсатында баға көтерілді.

Дегенмен шикізат биржаларындағы сауда-саттық жабылар уақытқа қарай Brent-тің құны барреліне 98 доллардан асты.

Ал, Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) тамыз айындағы сауда-саттық нәтижесінде WTI мұнай фьючерстері 4,16 долларға төмендеп, бір баррелі 93,14 долларды құрады.

Мұнай бағасы маусым айының басынан бастап құлдырап жатыр. Оған Федералды резервтік жүйенің (ФРЖ) ақша-несие саясатын тез арада қатаңдатуы себеп болып отыр. Яғни, бұл процесс АҚШ экономикасының баяулауына, сәйкесінше ірі мұнай тұтынатын ел тарапынан сұраныстың азаюына әкеледі.

Мұнай нарығына теріс әсер ететіп отырған фактордың бірі - доллардың нығаюы. Бейсенбіде еуро бағамы 20 жылда алғаш рет доллардан арзан түсті.

«Goldman Sachs» сарапшылары қазіргі таңда мұнай нарығындағы сұраныстың аз екенін және оның әлі де осы мөлшерде сақталатынын мәлімдеді. Ал, бағаның төмендеуі - қара алтынның өтімділігінің аздығы мен техникалық факторларға байланысты.

Сонымен қатар Azeri Light (CİF) маркалы Әзербайжан мұнайының бағасы әлемдік нарықта 2,2 долларға төмендеп, 111,98 доллар болды.

Әзербайжанның Мемлекеттік бюджетінде биыл мұнай бағасы 85 доллар деңгейінде сақталады деп белгіленді. Azeri Light мұнайы 2020 жылғы 21 сәуірде ең төменгі бағамен сатылды. Ол жолы қара алтын барреліне 15,81 доллардан саудаланды. Ал, ең жоғары баға 2008 жылы шілдеде тіркелді. Онда Әзербайжан мұнайының бір баррелі 149,66 доллар тұрды.



Соңғы жаңалықтар