Бразилияда есірткі қылмысы үшін сотталған ерлі-зайыпты жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Бразилияда Қазақстанның 4 азаматы жазасын өтеуде. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Бразилияның Әділет министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасы арасында үш екіжақты келісімшартқа қол қойдық. Біріншісі - құқықтық көмек көрсету. Екіншісі - бір-бірімізге қылмыскерлерді беру. Үшіншісі - сотталған адамдарды өз елдеріне жазасын одан ары өтеу үшін беру», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, аталған құжаттар Бразилияда сотты болған Қазақстан азаматтарына толық құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Біздің мәліметімізге сәйкес, Бразилияда Қазақстанның 4 азаматы сотталған. Олар сол жақтағы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ауызша келісім бар. Егер сол жақтағы азаматтарымыз елге қайтқысы келсе, біз Бразилияға қолдаухат жібереміз. Соның негізінде Бразилия келісімшарттарды ратификацияламай-ақ, өзара түсіністікті негізінде қазақстандықтарды қайтарады. Сотталған азаматтардың үшеуінің есірткі қылмысына қатысы бар. Оның екеуі ерлі-зайыптылар», - деді Марат Ахметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтар елге оралғаннан кейін де Бразилияда кесілген жаза мерзімін толықтай өтейдіғ яғни түрмеде отырады.

«Біз Қазақстандық азаматтарды елге қайтару туралы Бразилияға ұсыныс білдіреміз. Ұсынысты Бразилияның Әділет министрлігі қарап, қазақстандық азаматтарға береді. Егер олар келісім берсе, онда елге қайтаруды бастаймыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар