Бразилия қантына тәуелділік қант бағасын шарықтатты – Ербол Қарашөкеев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елге сырттан қант импорттаудағы қиындықтар бағаның шарықтауына себеп болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуына қарағанда, Бразилияның қант зауыттары қантты тек алдын ала төлеу арқылы және үлкен көлемде сатады.

Сондықтан қазір Еуразия экономика одағынан тыс нарықтан келетін өнімге тәуелді болып қалған Қазақстан сияқты елдер екі ортада Louis Dreyfus Company сияқты ірі трансұлттық компаниялардың делдалдығына жүгінуге мәжбүр.

«Трансұлттық компаниялар Бразилиядан қантты 60 мың тоннадан сатып алып, Қара теңіз порттарына апарады. Содан кейін ғана Қара теңіз айлағынан ТМД елдеріне қантты аз көлемде жеткізеді. Көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындаған логистикалық проблемалар осы қанттың өзінің кешігіп жетуіне түрткі болды. Егер бұрын Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан импорт кезінде ақ қантты жеткізу мерзімі 4-10 күнтізбелік күнге дейін болса, қазіргі уақытта Ресей Федерациясы қант әкетуге тыйым салғаннан кейін үшінші елдерден қант жеткізу мерзімі 90 күнге ұзарды»,-деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда әлем бойынша қант пен оның шикізаты негізінен Бразилия мен Үндістаннан алынып жатқанын айтты.

«Олардың өндіріс көлемі шамамен 800 млн тоннаны немесе әлемдік нарықтың шамамен 60%-ын құрайды. Бразилиядан қант пен құрақ шикізатының импорты Қара теңіздегі Грузия порттары арқылы жетеді. Грузия порттарының өткізу қабілетінің шектеулілігі, инфрақұрылым мен көлік кемелерінің жеткіліксіздігі кептеліске әкеліп соқтыруда. Үндістаннан қант импорты кезінде Хайратон Ауған шекара өткелінде жүктердің жиналуы байқалады. Бұл тауарларды ресімдеу мен тиеу рәсімдерінің созылуына әкеледі. Осылайша, бұрын орныққан бүкіл логистикалық байланыс бұзылған. Бұл логистиканың және Қазақстанға қант пен шикізатты жеткізу мерзімінің ұзаруына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай қант бағасының өсуіне әкелді. Осылайша, қант шикізаты құнының, көлік шығындарының, сондай-ақ өңдеу шығындарының қымбаттауы байқалады», - деді министр.

Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.


Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар