Братиславаның орталық алаңында тұңғыш рет киіз үй тігілді
БРАТИСЛАВА. ҚазАқпарат – Қазақстан Елшілігі Словакия астанасында қала билігінің қолдауымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамының құрметіне арналған мерекелік шаралар өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігі сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Братиславаның тарихи орталығында – қаланың Бас алаңында қазақтардың дәстүрлі баспанасы, бейбітшілік, үйлесім мен келісім нышаны –12 қанатты киіз үй тігілді. Словакия астанасының тұрғындары мен қонақтары текемет, сырмақ, алашамен, тоқылған өрнекті баулармен, қазақтың музыкалық аспаптарымен және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен безендірілген киіз үйдің ішкі көрінісімен тұңғыш рет танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, киіз үйдің ішінде қазақ ұлттық киімі үлгілері, тері паннолар, көшпенділердің сауыт-саймандары және дәстүрлі қазақ қамшысы көрініс тапты.
Мәдени акция аясында Словакия астанасының Бас алаңында «Ladon» Братислава өнер мектебі оқушыларының қатысуымен сурет салу мастер-классы өтті. Жас суретшілердің жұмыстары «Қазақстан словак балаларының көзімен» тұрақты экспозициясының негізі болады. «Қазақ киіз үйі» этнографиялық көрмесі биыл Словакияның бірқатар өңірінде көрсетілмек.