Браконьерлер Атырау облысында 64 млн теңгенің балығын қамыс арасына жасырып кеткен

None
Фото: ohotniki.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Жайық өзенінің Каспийге құяр сағасында қамыс арасына жасырылған 62,2 келі бекіре табылды. Балық қорына 64 млн 377 мың теңгенің залалы келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бекіре тұқымдас бағалы балық бүгін, 19 мамырда сағат 11:00-де табылған.

«Еліміздің батыс өңіріндегі үш облыстың су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіліп жатыр. Аталған акция аясында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы мен Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасында рейд шараларын өткізді.

Рейд кезінде Жайық өзенінің жағалауындағы қамыс арасынан 62,2 келі бекіре табылды. Браконьерлер бекірені 3 қапқа салып жасырған», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінің белгілерімен Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Алдын ала мәліметке сәйкес балық ресурстарына келтірілген залал мөлшері 64 млн 377 мың теңгені құрайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын браконьерлер Жайық жағасындағы қамысқа 36 келіге жуық бекіре тығып кеткенін жазған едік. Келтірілген залал – 18 млн 578 мың теңге.

Кейін мейрамхана тоңазытқышынан 73 келі бекіре тұқымдас балық табылғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар