Бозжырада туристік нысан салу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ – Нұрлан Ноғаев
2022 жылғы 30 маусым 12:21

Бозжырада туристік нысан салу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ – Нұрлан Ноғаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Бозжырада қонақ үй кешенін салудың келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бозжыраны облыстың көрнекті орындарының бірі ретінде игеру мәселесі көтерілген кезде қоғамдық резонанс туындағаны рас. Кейін ол жоба тоқтатылды», - деді аймақ басшысы.

Оның мәліметі бойынша, Бозжырадан 4 шақырым жерде қонақүй және басқа да нысандар салу мүмкіндігі бар деген шешім қабылданған.

«Біз қонақүй салғымыз келе ме, жоқ па, оған қарамастан Бозжыра, Тұзбайыр, Шерқала сияқты әдемі орындарға туристер бәрібір келіп жатыр. Келе береді де. Сондықтан бүгінге біз кәсіпкерлермен бірге сапар орталықтарының құрылысын ұйымдастырып жатырмыз. Яғни, келушілер түнеп, қажетті сервис алатын ғимараттар салынады. Осы тұрғыдан алғанда мәселенің басы әлі ашық қалып отыр. Бозжырада не салатынымыз туралы нақты түсінік жоқ. Яғни, мәселе күн тәртібінен алынған жоқ», - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске салсақ, Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Бозжырада қонақ үй кешені салынбайтын болғанын растаған еді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT