Бозымбаев елорданы газдандыру жайлы: Жұмыстар дайын емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтандағы бірінші және екінші іске қосу кешенінің құрылысы тоқтап қалды. Жол картасында құрылыстың сәуір айында басталып, осы жылдың желтоқсанында аяқталатыны жоспарланған. Бірақ, сіздер бірде-бір нысан бойынша жұмысты бастаған жоқсыздар. Біз республикалық бюджеттен сіздерге 2,7 млрд теңге бөліп, жергілікті бюджетке аудардық. Бұл қаражаттың бір тиыны да игерілмей жатыр», - деді Қанат Бозымбаев министрліктің алқа отырысында қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатовқа қарата.

Министр сонымен қатар, ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 де әлі күнге дейін жаңғырту жұмыстарына дайын емес екенін атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігі 2,7 млрд теңгені кері қайтару мәселесін көтеріп отыр.

«Қазандықтар технологиялық тұрғыда газбен жұмыс істеп кетуге бейім. Осы жұмысты жоспарлаған кезде мұның бәрін білдік. Осыған байланысты, Газ және мұнай-газ химиясы департаментіне қаражатты қайтару жұмысын қарастыруды тапсырамын. Газдандыру бойынша керек десеңіз өңірлер кезекте тұр. Қаражатты дайындығы жоғары сол өңірлерге бөліп берген жөн болар еді», - деді Қанат Бозымбаев.

Қанат Бозымбаев осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне «Сарыарқа» газ құбыры бойынша нақты мерзімі бекітілген жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар