Бозымбаев балалар үйірмелерін қаржыландыру не үшін тоқтағанын айтты

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жан басына қаржыландыру нормативі бойынша ашылған балалар үйірмелері жұмысының тоқтауын кәсіпкерлермен талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі өз сөзінде бұл бағдарламаның кемшілігі көп екенін айтты.

«Ең бастысы, кез келген бағдарлама бюджетке отырғызылған қаржыға сәйкес келуі керек. Ал бұл бағдарлама шексіз пирамида сияқты. Мәселен, былтыр мәдениет саласына 1,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 2,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы екі-ақ айға жетті. Бағдарлама пирамида сияқты болса, тек осы үйірмелердің өзіне 34 млрд теңге керек болады. Ондай қыруар қаржы облыста жоқ», - деді Қ.Бозымбаев.

Аймақ әкімінің айтуынша, биыл 15 мектептің құрылысын бітіру керек. Еңбекшіқазақ, Қарасай сияқты халық тығыз орналасқан аудандарда үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі де өзекті. Бірінші кезекте осы проблеманы шешу қажет.

«Облыста бюджеттің 55 % білім саласына, 30 % әлеуметтік салаға бағытталады. Одан бөлек жол, ауызсу сияқты басқа да көптеген мәселе бар. Оларды да шешу керек», - деді Қанат Бозымбаев.

Өңір басшысы Мәдениет және спорт министрлігі бағдарламаны бір жүйеге түсіріп, бекіткеннен кейін ғана қаржыны қайта есептеу және қаражат бөлу қарастырылатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар