Бозымбаев АЭС салуға қатысты мәселеге пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ресейлік тараптың Қазақстанда атом электр стансасын салу ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында ресейлік тараптан Қазақстанда атом электр стансасын салу мүмкіншілігіне қатысты ұсыныс айтылды. Қазақстанда станса салу мүмкіндігіне қатысты жұмыстар соңғы 7-8 жылда жүргізіліп келе жатқандығын атап өткім келеді. Бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздеме бөлігінің әзірленген кезеңде тұрмыз. Оған сәйкес 5 елдің бейінді компаниясына өздерінің ұсыныстарын білдіруі үшін хат жолданды. Олар: АҚШ, Франция, Корея, Қытай және Ресей. Бұл олардың технологиялық, коммерциялық және экономикалық параметрлер бойынша өздерінің техникалық-экономикалық ұсыныстарын беруі үшін жасалды. «Росатом» да осындай ұсыныс алды»,- деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы орайда Қанат Бозымбаев бүгінгі күні еліміздің аумағында атом электр стансасын салуға қатысты нақты шешімнің әлі қабылданбағанын айтты.

«Біз әлі де бұл мәселені зерделеу кезеңінде тұрмыз. Бұған қоса өзге де жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Шымкентте ірі газ-бу құрылғысын салу, Алматыда ЖЭС-2-ні газға ауыстыру арқылы жаңғырту және электр энергиясын өндіру қуатын арттыру, сонымен қатар бірнеше су электр стансасын салу көзделуде. Сондықтан мұның барлығын бірге қамтып қарау қажет. Тағы да айтамын, ешқандай шешім жоқ», - деді министр.

Сондай-ақ ол болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы орын алуы мүмкін екендігін ашық айтты.

«Себебі жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Сондықтан қалай болғанда да 2030 жылға қарай жаңа қуат көзін салу қажет. Егер Үкімет атом электр стансасын салу турашы шешім қабылдайтын болса, онда ол ашық, ел халқымен қоғамдық тыңдаулар өткіу арқылы кеңесілгеннен кейін қабылданады», - деді Қ.Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар