Бозоқ қалашығы республикалық маңызы бар мәдениет ескерткішіне айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қалашығы республикалық маңызы бар мәдениет ескерткіштері тізіміне енетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың төрағалығымен өткен отырыста тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі қалалық комиссия мүшелері осындай ұсыныс жасады. Комиссия жұмысына Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекцияның директоры Мейрамбай Оралов, К. Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ сәулет және дизайн кафедрасының меңгерушісі Рахима Чекаева, Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Әбдірахманов, суретші, мүсінші Тоқтар Ермеков, сәулетші Серік Рустембеков және басқа да сарапшылар қатысты.

«Комиссия Күйгенжар, Сарқырама және Шұбар қорғандарын тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінен алып тастау туралы шешім шығарды. Археологтар ежелгі қорымдар орналасқан аумақтарда қазба жұмыстарын аяқтады, енді бұл жерлер көпшіліктің пайдалануына беріледі», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, Бозоқ қалашығы Астана қаласының аумағында, Бозоқты өзенінің шығыс жағалауында орналасқан. Бозоқ елордамыздың ежелгі шаһар екенін дәлелдейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ортағасырлық Бозоқ қаласы - Ақмола қаласының атасы, ал оның соңғы мұрагері - Қазақстанның қазіргі бас қаласы Астана» деген болатын.

X-XI ғасырларда Бозоқ аймақтың әкімшілік және сауда орталығы, сондай-ақ Ұлы Жібек жолының бойындағы қазақ билеушілерінің әскери базасы болған. Қаланы зерттеу ғалымдарға өңірдің мыңдаған жылдық тарихының хронологиясын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бірегей ескерткіш Ақмола өңірінің қатаң климатына қарамастан сақталған. Бозоқ қаласындағы қазба жұмыстарын 1999 жылы Кемал Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы бастаған болатын. Зерттеулер Бозоқтың XIV ғасырдан бері Нұра-Есіл аймағындағы ислам дінінің орталығы болғанын анықтады. Онда тұрғын жай және өнеркәсіптік конструкциялардан басқа, шикі кірпіштен салынған музейлер, кесенелер, қорымдар болған. Қазба жұмыстары кезінде ғалымдар Алтын орда дәуіріне (XVIII-XIX ғғ.) жататын қабірлер тапқан.

Еске сала кетсек, былтыр Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Бозоқ қалашығының 3D-моделі жасалатынын жария еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар