Бойымдағы бар күш-жігерімді шәкірттеріме арнап келемін – ұстаз Сәния Тілеубай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, жоғары санаттағы ұстаз Сәния Тілеубай ҚазАқпарат тілшісіне білім саласындағы жаңашылдық пен өз мамандығы туралы айтып берді.

- Сәния Өскенбайқызы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
- Мен 1961 жылы 25 қыркүйекте бұрыңғы Семей облысы Үржар ауданы Ново-Тройск ауылында дүниеге келдім. 1982 жылы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ педагогика институтын физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды 1982-1983 жылдары Алматы қаласындағы №12 орта мектепте физика пәні мұғалімі болып бастадым.1983-1989 жылдары Алматы қаласындағы Жолаушылар тасымалдайтын автокөлік басқармасында инженер-программист.1989-1990 – Орал қаласындағы №2 балалар үйінде тәрбиеші.1990-1995 – Орал қаласындағы №11 орта мектепте физика пәні мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. 1995-2000 – Алматы қаласындағы №141 орта мектепте физика пәні мұғалімі және директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. 2000-2008 – Алматы қаласындағы №163 орта мектепте директор. 2008 жылдан қазіргі кезге дейін – Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда директор болып қызмет атқарып келемін.
- Мұғалім мамандығын не себепті таңдадыңыз?
- Ұстаздық – жан-жақты білімділікті, шеберлікті, мейірімділік пен талапшылдықты қажет ететін киелі мамандық. Ұлы ойшыл Абай атамыз айтқандай, «көрсем, білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мамандық иелерінің еңбегі ұшан-теңіз. Менің мұғалім болуыма ақыл-кеңесін берген - әкем. Әкем мен анам перзенттерінің қай-қайсына болмасын ерекше махаббаттары мен жүрек мейірімін төге білген жандар болды. Сол асыл жандардың ерекше тәлімі мен тәрбиесінің, ақылы мен парасатының нәтижесінде өмірге деген құштарлығымызбен алға жылжып келеміз.
- Сіздің ойыңызша, мамандығыңыздың ерекшелігі неде?
- Қазіргі заман талабына сай жаңашылдықпен, оқу-тәрбие үрдісін үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізетін, ұйымдастырушылық қабілеті жылдар сынағында танылған, әріптестерімен тіл табысып, іске жұмылдыра білетін, нәтижеге қол жеткізуде біліктілігімен ерекшеленетін, тәжірибесін үйретуден жалықпайтын, сонымен қатар, өзі де үйренуге, білуге құмар, өз мамандығын жетік меңгерген маман екендігінде.


- Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?
- «Физикадан 9,10,11-сыныптарға арналған деңгейлік тапсырмалар (есептер шешулерімен)», 3-сыныпқа арналған «Математикадан өзіндік бақылау жұмыстары» көмекші құралының, «Физикадан өз бетінше шығаруға арналған есептер» жинағының авторымын. Сондай-ақ оқу-тәрбие процесін қамтитын мазмұнды мақалаларым республикалық баспа беттерінде жиі жарияланып тұрады. «Ұлтжанды ұрпақ – ел болашағы», «Тәуелсіздіктің тірегі – терең білім» атты мақалаларым «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» газет-журналдарында жарияланған.
Басшылық қызметімен қоса, ұстаз ретінде дайындаған шәкірттерім білім байқауларында да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Шәкірттерім 2007–2021 жылдар аралығында республикалық, халықаралық дәрежедегі пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері атанды.
Еткен еңбектің бағалануының өзі мені әрдайым шабыттандырады. Төмендегідей марапаттардың иегерімін:
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі (1999 жыл);
«Құрмет» ордені (2011 жыл);
«Белсенді қызметі үшін» (2007 жыл);
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі (2008 жыл);
«Қайырымдылығы үшін «Сауап» (2010 жыл);
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 жыл);
«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 жыл);
Б.Момышұлы атындағы «Намыс» медалі (2016 жыл) ,
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері (85 жылдығына орай, 2015 жыл).


- Мұғалім еңбегі қалай бағаланады?
- Бүгінгі инновациялық жаңару заманында үнемі ізденісте болуды мақсат етіп қана қоймай, әр шәкіртімен тығыз қарым-қатынас орната білетін, шығармашыл орта жасай алатын мұғалім – әрқашан құнды, бағалы. Шәкірттеріне әлемдік негізде білім мен ақпарат бере отырып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын шебер ұстаз болуына бағыт-бағдар бере отырып, шығармашылық, ізденіс жұмыстарын арнайы мониторинг арқылы бағалаймыз.
- Қашықтан білім беру форматына қалай қарайсыз?
- Расында да, төтенше жағдайға байланысты біздер - күллі ұстаздар, ата-аналар, шәкірттер қашықтан бірлесе оқып, бірге ізденіп, қашықтан оқу әлемінде шама келгенше қанат қомдадық. Өткенге шолу жасап, жаңа жоспарлар құрып, жасымай алға адымдауға тырыстық. Алдағы күндерден тек жақсылық күткен білім қырандары-шәкірттеріміздің қанаты талмасын, зейіні ашылсын деп тіледік. Кез келген істің тиімді әрі әлсіз тұстары болады. Қашықтан оқуда баламен тікелей қарым-қатынастың бәсеңдеуі – келеңсіз жағдаяттар тудырғанын жасыра алмаймын. Десе де, дер кезінде қолға алынған дұрыс жоспар мен тиімді шешімнің нәтижесінде оны да еңсердік.


- Сізге мектеп басшысы ретінде жүктелетін жүк ауыр, бәріне қалай үлгересіз?
- Басшылық қызмет – үлкен жауапкершілік. Үлгеремін демеймін, барынша үлгеруге тырысамын. «Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер» дегенді ұстанып, ұстаздың да, шәкірттің де шабытын оятып, шығармашылығын шыңдауына себепкер болуға, бойымдағы бар күш-жігерімді шәкірттеріме арнап, жұмысқа қуанып келіп, қуанып қайтуға тырысамын. Әрдайым «Мамандығым – өмірім» деп қабылдаймын.
- Алып Алматыдағы ең үздік мектеп атануларыңыздың сыры неде?
- «Үздік мектеп» байқауына қатысуда арнайы байқау шарттарына қарай құжаттар тапсырылған болатын. Десе де, барлығы гимназия жетістіктерімен өлшенері анық. М.Мақатаев атындағы №140 гимназия шәкірттері - түрлі аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық, ғылыми жоба, пән олимпиадаларының, түрлі танымдық байқаулардың жеңімпаздары, «Кенгуру», «Ақбота», «Русский медвежонок», «British Bulldog», «Зерде» ғылыми жобалар байқауы, «Шексіз математика» халықаралық турнирі, «Пифагор», «Да Винчи», «Жарқын болашақ», «Tetra CUP», «Олимпийские ступени», «МЛДВ», «Менің мектептегі мұражайым» байқауларының, Абай, Мұқағали, Фариза, Оралхан, Ілияс, Мағжан, Шәкәрім оқуларының жүлдегерлері атанды.


Гимназия ұстаздары - қалалық «Жыл мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», «Үздік оқырманы», «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі», «Адал ұстаз», республикалық «Сөз мерген», «Алтын көмбе», «Үздік авторлық бағдарлама», «Білгірлер бәйгесі», «Тілдарын», «Үздік педагог» байқауларының жүлдегерлері. Сондай-ақ, гимназия ұстаздары - «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Үздік қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Лидер образования», «Үздік педагог» төсбелгілерінің иегерлері, ҰБТ сарапшылары мен ҰБТ сұрақтарын құрастырушылар, апелляциялық, Білім сапасын сырттай бақылау, оқулықтарды сараптау комиссияларының мүшелері, көптеген оқулықтардың, әдістемелік және көмекші құралдардың авторлары.
Жыл сайын гимназия түлектері ҰБТ бойынша жоғары көрсеткішті көрсетіп, мектеп мерейін асқақтатып келеді. 2017 жылы республика бойынша ең жоғары 139 балды иеленген Тасан Саят та – аталмыш гимназия түлегі, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері.
Жыл сайын түлектер 11 жыл бойы алған білімдерін өз деңгейінде ҰБТ нәтижесі арқылы дәлелдеп, барлығы мемлекеттік грант иегері атанады. Гимназияда пән кабинеттері заманауи жаңаша құралдармен жабдықталған. Оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде толықтыруға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Гимназияны бітірген түлектердің бірі – журналистика, бірі - өнер, енді бірі – педагогика, спорт, медицина салаларында еңбек етіп жүрген ел мақтаныштары. Күні бүгінге дейін оқушыларымыз халықаралық, республикалық, қалалық білім, өнер, спорт жарыстарына қатысып, жүлдемен келіп жүр.


- Қателеспесем, гимназия әкім грантын осымен екінші рет ұтып алды, солай ма?
- Иә! 2015 жылы қала көлемінде «Үздік білім беру ұйымы», 2016 жылы республика көлемінде «Дарынды балаларға арналған үздік білім беру ұйымы», 2017 жылы қалалық «Үздік білім беру ұжымы» байқауының жеңімпазы атанды. Гимназиядағы әр ұстаздың шәкіртін әлеуметтік жағынан жақсы тануы, әрбір іске жауапкершілікпен қарауы, өзін-өзі ұстау мәдениеті мен сөз саптауы, ұстаздық бейнесі, терең білімі мен жаңашылдығы – осының барлығы ұжымды бәсекеге қабілеттілікке баулиды. «Ұжымдаса білген ұтады» деген бар. Мұғалімдеріміз өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін жандар. Білім ордасының жыл сайынғы жетістіктері – соның айғағы.


Гимназиядағы «Ұстаз – Оқушы – Ата-ана» үштігінің үлгілі жұмысы – тұнып тұрған өнеге. Ата-ана перзентінің жан-жақты, сан қырлы дамуы жолында ұстаздардан терең білім мен мәдениетті және иман мен парасаттылықты талап етеді. Бұл жолда, аса жауапты әрі күрделі ұстаз еңбегін қадірлеу ұстаздарды одан ары шабыттандырып, тың идеяларды іске асыруға мүмкіндік беруде.
Мемлекет тарапынан ұстаздарға барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Оның айғағы, жыл сайын Алматы қаласы әкімшілігі мен Білім басқармасы ұйымдастыратын «Үздік ұйым», «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпаздарының айқындалуы. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертсе де, ұстаздар қауымы бар күш-жігерімізді салып, білімі терең, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп қоямыз.


– Сұхбатыңызға рақмет!
Соңғы жаңалықтар