Ботай қонысында тарих пәні мұғалімдері қазба жұмыстарын жүргізеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай, Ақ-Ирий қоныстарында археологиялық маусым ашылып, қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал осы айдың 15-інен бастап ерте темір ғасырына жататын Новопавловка елді мекенінің маңындағы қорғанда, айдың соңында Қызыл Оба қорымында зерттеу жұмыстары басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Рақат Мамбеталиновтің айтуынша, Айыртау ауданындағы Ботай қонысында қазба жұмыстарын жүргізуге Қостанай университетінің қызметкерлері келді.

«2022 жылдың 1 маусымында «Ботай» мұражай-қорығы екі кезеңдік жоба аясында Никольское елді мекенінің маңындағы Ботай қонысында археологиялық жұмыстар басталды. Қазба аумағы 192 шаршы метрді алып жатыр. Мақсаты – ғылыми әдістер, жанама белгілер мен ұқсастықтар арқылы ежелгі ботайлықтардың артефактілерін, нанымдарын кешенді және егжей-тегжейлі зерттеу. Ботайлықтардың алғашқы (протофилософиялық), жартылай мистикалық өмірлік көзқарастарын, өмір салтын зерттеу. Экспедицияның екінші міндеті – солтүстік өңірде Ботай мәдениетінің таралу аймағын, бірегей археология ескерткіштерін зерттеу.

Жылқыны қолға үйрету мәдениеті барлық ат-дала өркениетінің дамуына ықпал етті. Бұл факті туралы қазақстандықтардың өскелең ұрпағы білуі қажет. Сондықтан, жастар экспедицияға белсенді қатысады. Сонымен қатар, Ботай қонысы Ресей, Германия, жақын және алыс шетелдерден туристерді тартатын орынға айналды. Биыл да жаңа ашылулар болады деп ойлаймын», - дейді Рақат Мәмбеталинов.

Ботай қонысына 19 маусымда өңірдің тарих пәні мұғалімдері келеді. Кейін олардың қатарына Алматы, Орал, Шығыс Қазақстан облыстарының ұстаздары қосылады. Осылайша Ботайдағы қазба жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады.

«Біздің жергілікті университеттің тарихшылары мен студенттері Долматово елді мекенінің маңындағы Ақ-Ирий қалашығында қазба жұмыстарын бастады. 15 маусымда Петропавлдағы Новопавловка елді мекенінің маңындағы қорғанда жұмысқа кіріседі. Ол ерте темір дәуіріне жатады. Бұл ауданда үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Қызыл Оба қорымында қазуды маусым айының соңында жалғастырамыз. Біз тағы бір мазарды ашуды жоспарлап отырмыз. Тамыз айында сол жерде Англия, Франция ғалымдарының қатысуымен халықаралық дала семинары өтеді. ЮНЕСКО өкілдерімен Қызыл Обаны тізімге енгізу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өйткені, Алтын Орда дәуірінің бұл ескерткішіндегі еден мен қабырғалар басқа ешбір ескерткіште осылайша жақсы сақталмаған. Бізде Жошы ханның мазары бар, бірақ ол қалпына келтірілген. Тамыз айында ЮНЕСКО өкілдері келуге уәде берді, қызығушылық танытты», - дейді Рақат Мәмбеталинов.


Соңғы жаңалықтар