«Ботай - Бурабай» ашық аспан астындағы музейіне 5 мыңнан аса турист келді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы ашық аспан астында орналасқан «Ботай - Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайына 5 мыңнан астам турист келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде Ақмола облысында киелі жерлердің мəдени-географиялық белдеуі жасалды. Оған өңірдегі 200 астам киелі нысан енді. Олардың арасында «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, Олжабай батыр зираты, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес тауы, «Беспақыр» мазары, Баубек батыр кесенесі, Науан хазірет мешіті сияқты 10 табиғи жəне тарихи нысандар енді.

«Қазіргі кезде, өңірде киелі орындарды зерттеп, қалпына келтіру жəне насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», - дейді ведомстводан.

Айталық, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, ҚР ІІМ ТЖК КТИ студенттері Зеренді ауданының Кенөткел ауылы аумағында ұйымдастырылған «Археология - баға жетпес қазына» археологиялық экспедициясына қатысты.

Қола дәуіріндегі тарихи ескерткіштерді зерттеу қорытындысы бойынша экспедиция  мүшелері «Balapan» телеарнасының «Жұмбақ жер» телевизиялық жобасына қатысты.

Бұдан бөлек Бурабай курорты аймағында ашық аспан астындағы «Ботай - Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы ашылды.  Неолит дәуіріндегі этнопарк өңірдің туристік әлеуетін арттыруға зор ықпал етуде. Бір маусымның өзінде бұл мұражайға 5 мыңнан астам турист келді. Айта кетсек, бұл орталық осы жылдың шілде айында ашылған болатын.

Сонымен қатар, Астрахан ауданындағы «Тоғыз әулие» моласы да тарихшы ғалымдардың қызығушылығын арттырып отыр. Ал Қорғалжын ауданы аумағында Астана қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Қазақ хандығын құрушылардың бірі - Жәнібек ханның кесенесі зерттелуде.

Бұл бүгінгі Елордамыздың қазақтың этникалық жер аумағы қалыптасып, қазақ мемлекеттігінің бастау алған жерінде орналасқандығын білдіреді.


Соңғы жаңалықтар