Ботаникалық бақта спорт кешені салына ма – Экология министрлігі даулы сұраққа жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев елордада Ботаникалық бақ маңында спорт кешенін тұрғызу туралы даулы пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, БАҚ-та хабарланған жаңа спорт кешені ботаникалық бақ аумағына емес, оның маңайындағы парк аумағына салынады. Ал парк – елорда әкімшілігі құзырындағы коммуналдық меншік.

«Жалпы ботаникалық бақтар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа өсімдік түрлерін жерсіндіріп, жергілікті ауа райына бейімдеу үшін қажет. Сол себепті де Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық бақ ерекше қорғалатын табиғи қорық болып есептеледі. Сырттан алып келген өсімдіктерді астананың қолайсыз ауа райынан, қысқы аязынан қорғау үшін айналасын паркпен қоршаған едік. Бұл бастаманың басы-қасында өзім де жүргенмін.

Бүгінде бұл учаскеде Солтүстік Қазақстанға, Шығыс, Оңтүстік, Батыс Қазақстанға және Солтүстік Америкаға тән ағаштар ектік. Мұнда тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі және оның аумағында ешқандай нысан салынбаған», - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Вице-министрдің айтуынша, ботаникалық бақ пен оны қоршаған парк аумағы жалпы 89,2 гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде 46,3 гектары ғана министрлік өкілеттігіне кіретін, ерекше қорғаудағы ботаникалық бақ болып есептеледі.

«Ботаникалық бақтың бүгінгі дүниежүзілік тәжірибесіне қарасақ, осыдан 25-30 жыл бұрын ботаникалық бақта адам жүруге болмайды деген ұғым болатын. Ал қазір көптеген елдерде ботаникалық бақтар халықтың демалатын орнына айналды. Әрине, келушілер де мәдениетті сақтап, ерекше қорғалатынын түсініп, қоқыс тастамауға, ластамауға тырысуы керек. (...)

Нақты спорт кешенін алсақ, ол ботаникалық бақ сыртындағы, жергілікті орган балансындағы паркте тұрғызылады. Парк зонасында халықтың демалыс инфрақұрылымын жасауды әкімдік шешеді. Ол біздің министрліктің құзырында емес. Өз пікірім бойынша, аталған орынға спорттық кешенді салуға болады. Ол ботаникалық баққа еш әсер етпейді және заңға қайшы емес. Ал ойын-сауық орталықтары сынды ірі нысандар салуға әрине, жол бермес едік», - деп түсіндірді вице-министр.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Ботаникалық бақ маңында спорт орталығы салынатыны хабарланған еді. Жеке инвестиция есебінен салынатын спорт кешені тұрғындарға қолжетімді болады.

Қазіргі уақытта субсидия есебінен инвестормен халықтың әлеуметтік әлсіз топтары қатарындағы адамдардың спорт орталығына бару мүмкіндігі талқылануда.



Соңғы жаңалықтар