Бос жатқан 12 мың гектар алқапқа су жеткізіп, бау-бақшаға айналдырамын - үздік ауыл әкімі

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Елімізде өткен «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов жеңімпаз атанды. ҚазАқпарат тілшісі еліміздегі ең үздік әкіммен сұхбаттасып, оның жоспар-жобаларымен танысып қайтты.

Нұрбақыт Нұрсейітов қызмет атқаратын «Жаушықұм» ауылдық округінде 5 елді мекен бар. Онда жалпы 2500-ға жуық халық тұрады.

Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі ауыл шауаршылығымен айналысады. Төрт түлік өсіріп, мал басын көбейтіп отырғандары да бар.

Бүгінде Нұрбақыт Нұрсейітов ауылдағы 12 мың гектар алқапты суландыру жобасын қолға алып отыр.

Шардара су қоймасынан арнайы су жүйесін тартып, құрғап жатқан үлкен аумақты егістік алқабына айналдырмақ.

Жас әкім бұл жұмысын республикалық байқауда қорғап шықты. Ел игілігіне арналған жобаны байқаудың бақылаушылары да жоғары бағалады.

«Біздің ауылдың халқы егін егіп, мал басын көбейтуге бейім келеді. Сондықтан бос жатқан 12 192 гектар алқапқа су жеткізу ісін қолға алып отырмын. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда онда көкөністер мен жеміс-жидектер егіп, мол өнім алуға болады. Жылыжай салып, қысы–жазы халықты көкөніспен қамти аламыз. Сондай-ақ, 10 000-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Ислам даму банк арқылы жобаны қорғап, табыс көзіне айналдыру мақсатында жүзеге асырсақ деген мақсатым бар», - дейді ауыл әкімі.

Жалпы Нұрбақыт Дәулетбекұлының ауыл әкімі қызметін атқарып келе жатқанына 5 жылға жуық уақыт болды.

Осы уақыт аралығында ауылдық округтегі елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жолдар жөнделіп, көшелерді жарықтандыру жүйесі іске қосылған.

Саябақ салынып, балалар ойын алаңшасы және футбол, воркаут алаңдары жұмыс істей бастады.

Қылмыс деңгейі төмендеген Жаушықұм қауіпсіз ауылға айналды.

«Ауылда халықпен байланыс берік орнаған. Күнделікті 24 сағат байланыстамын. Есігім әрдайым ашық. Телефон нөмірім көпшілігінде бар. Одан бөлек, ватсап желісінен ауыл халқына ортақ чат ашқанбыз. Тұрғындар кез келген мәселені сонда көтеріп, айтып отырады. Ал, оған назар аударып, кері байланыс орнату - менің басты міндетім», - дейді Нұрбақыт Нұрсейітов.

Еске сала кетейік, осы аптада елімізде «Үздік ауыл әкімі» анықталды.

Конкурс қорытындысы бойынша Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Дәулетбекұлы Нұрсейітов «Үздік ауыл әкімі» атағын жеңіп алған еді.

Екінші орынды Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровск ауылдық округінің әкімі Вячеслав Николаевич Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанұлы Әбшанов ие болды.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Агланбеков Арыслан Орынбасарұлы – «Үздік шаруашыл әкім», Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Муханалиева Зауре Қазанбайқызы – «Ашық әкім», Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Добромирова Гүлмира Оразбайқызы – «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларын иеленді.

Атап өту керек, конкурсқа қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері өтінім берді.

Облыстардың арасында Қостанайдан - 14 әкім, Солтүстік Қазақстаннан - 12 , Жамбыл облысынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.

Байқау екі кезеңде өткізілді: өңірлік және республикалық.


Фотоларды кейіпкер ұсынды



Соңғы жаңалықтар