Борыш жүктемесін жеңілдету бойынша 507 мың қазақстандық анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Борыш жүктемесін жеңілдету бойынша 507 мың адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиісті құжаттарға сәйкес, аталған санаттарға жататын азаматтар айқындалды. Жалпы, қазіргі таңда Несиелік бюроға 2 млн 289 мың адамның (жалпы, несиесі бар) жеке мәліметтері берілді. Тізім тапсырылды. Артынша, Несиелік бюро тізімді екінші деңгейлі банктердің мәліметтерімен салыстырып, аталған тұлғалардың (борыш жүктемесі азаятын санатқа жататын) несиелерін анықтады. Талап бойынша – жалпы берешек 3 млн теңгеден аспауы керек. Аталған мәліметтерді Несиелік бюро Проблемалық несиелер қорына тапсырды», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова азаматтардың борыш жүктемесін азайту мәселесі қозғалған Үкіметтің баспасөз орталығындағы жиында.

Проблемалық несиелер қоры осыдан кейін екінші деңгейлі банктермен келісімге келген.

«Бүгінгі таңда несиесі өтелуге жататын 507 мың адам айқындалды. Десе де, сұрақтар әлі көптеп түсіп жатыр. Мәселен, отбасындағы 2 адам несиелерінің біріккен сомасы 3 млн теңгеден аспаса, онда олардың да несиелік берешегі өтеуге жатады. Аталған жағдайда бір отбасының 600 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы жабылады», - деді ол.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Ал арада бір ай өткенде борыш жүктемесін азайтуға қатысты ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды. Екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар мына талаптардың бәріне сәйкес келген кезде өтелуге жатады.

Мұнымен қоса, онда қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса, сондай-ақ негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, өтелуге жататындығы айтылады.

Соңғы жаңалықтар