Борыш жүктемесін жеңілдету: Азаматтар өзі туралы ақпаратты қайдан біледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету бойынша ақпараттандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«eGov порталына азаматтар несие борышы жағынан өз мәртебесін анықтай алатын қызмет енгізілген болатын. Яғни, кез келген азамат Президенттің борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлығына сай келе ме, жоқ па – сол жерден анықтай алады. Азамат өзінің электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы кіріп, порталда авторизация жасап, ЖСН нөмірін енгізіп жауап алуға болады. Артынша, аталмыш сервисті жетілдіріп, кері байланысқа шығу мүмкіндігін қарастырмақпыз. Себебі, қазіргі таңда азаматтардан өз мәртебесін анықтай алмау бойынша сұрақтар жиі түсіп жатыр. Мұндай жағдайда біз оларға тізімнің әлі толық бекітілмегенін айтамыз. Егер азамат борышы жеңілдейтін санатқа жататынын дәлелдей алса, тізім толықтырылады», - деді Светлана Жақыпова азаматтардың борыш жүктемесін азайту мәселесі қозғалған Үкіметтің баспасөз орталығындағы жиында.

Вице-министр борышы жеңілдейтін санатқа жатқанымен, ол туралы мәліметтер порталда болмауы мүмкін екенін де жеткізді.

«Мәселен, егер 29 жасқа дейінгі тұл жетім eGov порталындағы тізімнен өзін таба алмай қойса, ол жазбаша түрде БҒМ-ға жүгініп, тізімге енгізуін сұрай алады. Оған қоса, ол өтінішпен бірге ата-анасының қайтыс болғаны туралы құжатты, туу туралы куәлікті тапсыруы тиіс. БҒМ осыдан кейін онлайн режімде бұл ақпараттарды бізге тапсырады да, порталдағы тізім толықтырылады», - деді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, борыш жүктемесін жеңілдету бойынша 507 мың қазақстандық анықталды.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Ал арада бір ай өткенде борыш жүктемесін азайтуға қатысты ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды. Екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар мына талаптардың бәріне сәйкес келген кезде өтелуге жатады.

Мұнымен қоса, онда қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса, сондай-ақ негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, өтелуге жататындығы айтылады.

Соңғы жаңалықтар